Миллион доллар табу үшін қазақстандықтар 246 жыл еңбектенуі керек

Опубликовано:

Ақша
Көрнекі фото: pixabay.com

Сарапшылар миллион доллар табу үшін әр елдің тұрғындары қанша жыл жұмыс істеу керек екенін есептеп берді. Тиісті деректер picodi.com сайтында жарияланды.

Бұл ретте әлемнің әртүрлі елдеріндегі орташа жалақы есепке алынған.

Орташа жалақы тұрғысынан есептегенде, бір миллион доллар табуға кететін жылдар саны бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 102 орынның ішінен 87-орынды иеленді.

Миллион доллар табу үшін отандастарымызға 245 жыл 11 ай қажет.

Бұл тізімде көршілес Өзбекстан 96-орында (318 жыл 4 ай), Ресей 70-орында (191 жыл 9 ай), Армения 79-орында (215 жыл 4 ай), Грузия 83-орында (230 жыл 2 ай), Әзербайжан 89-орында (257 жыл 1 ай) тұр.

Ал Пәкістан, Нигерия және Уганда тұрғындарына миллион доллар табу үшін 400 жылдан астам уақыт еңбектенуі керек.

Сарапшылар ең қысқа мерзімде бір миллион долларға қол жеткізе алатын ел тұрғындарын да атады.

Көшбасында Швейцария (13 жыл 4 ай), Австралия (20 жыл 1 ай) және Сингапур (20 жыл 2 ай) тұр.

Үздік бестікті Люксембург (20 жыл 4 ай) пен АҚШ (23 жыл 1 ай) қорытындылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1967263-qazaqstandyqtar-mln-dollar-tabys-tabu-usin-qansa-zyl-enbektenui-kerek/