Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарапайым халық үшін 4 пайыздық автонесие тиімді ме: Экономист Мақсат Халық пікір білдірді

Опубликовано:

автокөлік
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда жылына 4 пайыз үстемемен жеңілдетілген автонесие беру басталды. Бұл бағдарлама бойынша тек отандық жаңа автокөлікті рәсімдеуге болатыны белгілі. Қарапайым халық үшін бұл несие қаншалықты тиімді? Осы сауалдың жауабын KAZ.NUR.KZ тілшісі белгілі экономист Мақсат Халықтан сұрап көрді.

Сұхбат барысында Мақсат Халық 4 пайыздық жеңілдетілген автонесиеге деген көзқарасын айтты.

"Мен негізі 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру үрдісін қатты қолдамаймын. Өйткені бұл қаражат банктердің шығындарын өтеу үшін, екінші деңгейлі банктерді қолдау үшін жұмылдырылады. Шын мәнінде, нарықтағы жағдай бойынша сыйақы мөлшері 14 пайызды құрайды. Демек оның үстіндегі шығынды мемлекет көтереді деген сөз. Мемлекет көтерсе, мемлекеттік бюджеттен төленеді ғой. Осы мәселеге қарсы екенімді айтқым келеді", - дейді сарапшы.

Дей тұрғанмен, экономист бұл бағдарламаның оңды тұсы бар екенін жоққа шығармады.

"Оның бір жақсысы сол, азаматтардың төмен пайызбен несие алуға мүмкіндігі болады, бірақ оның өзі шектеулі болайын деп тұр. Несие рәсімдегісі келген бар азаматты қамтып, жалпы мәселені шешіп кетеді деп айту қиын", - дейі Халық.

Оның айтуынша, 4 пайыздық автонесиені алған күннің өзінде жасалынатын келісімшартқа тереңірек үңілу қажет.

"Осыдан бес жыл бұрын бір кісілердің 4 пайыздық несие бойынша рәсімделген келісімшартын қарап шыққан едім. Ол жерден егер елдегі инфляция деңгейі 10 пайыздан асып кетсе, осы несие келісімшарты бойынша жасалған ставкаларды банк қайта қарастырады немесе қайта қаржыландыруға жібереді деген пункттерді көргенмін.

Ал осы жылдың өзінде инфляция 13 пайыздан асып кетті. 10 пайыз деген қалды. Кімнің келісімшартында сондай талап болса, онда банк пайызын өсіріп жіберуі мүмкін ғой. Міне осындай мәселелер болуы мүмкін, соған көңіл бөлу керек екенін ескерткім келеді", - деді экономист.

Сонымен қатар сарапшы бұл бағдарламаға жұмсалатын 100 млрд теңге жайлы сөз қозғады.

"Бұған мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбегені айтылады. "Оператор РОП" ұйымының бұғатталған шотынан берілетіні белгілі. Меніңше, бұл бәрібір бюджетке қайтатын қаражат еді. Негізінде біз елдегі өндірісті күшейтуге көбірек көңіл бөлуіміз керек", - деп сөзін қорытындылады Мақсат Халық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1969465-qarapaiym-xalyq-usin-4-paiyzdyq-avtonesie-tiimdi-me-ekonomist-maqsat-xalyq-pikir-bildirdi/

pixel