Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қараша айынан бастап елімізде жеңілдетілген автонесие беру қайта жалғасады

Опубликовано:

Автокөлік
Жаңа автокөліктер. Көрнекі фото: Pexels.com

Қараша айының бірінші жартысында жылдық 4 пайызбен берілетін автонесие қайтадан іске қосылады. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушыларының Х форумы барысында "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров мәлім етті, деп хабарлайды қордың ресми сайты.

Биыл шілде айында жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысатын қазақстандық банктер несие алуға өтінімдерді қабылдауды уақытша тоқтатқан болатын.

"Өнеркәсіпті дамыту қоры" өкілдері хабарлағандай, жеңілдетілген автонесие беруді қайтадан іске қосу жоспарланып отыр. Болжам бойынша, өтініштерді қабылдау қараша айында басталады.

"Айналмалы қорға қаражат түсе бастады. Айналым қаражаты қайтадан бағдарламаға енгізіліп, қаржыландыру қарашаның бірінші жартысында ашылады деп ойлаймын. Қараша айынан бастап жыл сайын 2000 автокөлік беріледі", - деді Ғаппаров.

Жиында атап өтілгендей, 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 13 307 несие мақұлданған, оның ішінде осы күнге дейін 10 000-нан астам автокөлік берілген.

"Бүгінгі таңда аталған бағдарлама бойынша 13,5 мың өтінім мақұлданып, 11 мыңнан астам тұтынушы автокөліктерін алды. Бағдарлама 30 жыл бойы жұмыс істейтін болса, шамамен 60 мың автокөлік жаңартылады, яғни 60 мың тұтынушы өз көлігіне ие болады", - деді қор өкілі.

Еске сала кетейік, мамыр айында бірнеше екінші деңгейлі банктерге жеңілдетілген автонесие беруге 100 млрд теңге бөлінген болатын.

Бағдарлама 30 жылға есептелген, ал несие мерзімі - 25 жыл. Несие шарттары бойынша қарыз алушылар өтейтін қаражат револьверлік негізде қайта игерілетін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1990285-qarasa-aiynan-bastap-elimizde-zenildetilgen-avtonesie-beru-qaita-zalgasady/

pixel