Қазақстанда ірімшік бір жылда 31,4 пайызға қымбаттаған
Опубликовано:

2022 жылы елімізде көптеген азық-түлік тауарларының бағасы біршама өсті. Бұл ірімшік өнімдеріне де қатысты болып отыр. Қатты ірімшік бағасының айтарлықтай өскені туралы Ұлттық статистика бюросы Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазан айында Қазақстанда қатты ірімшіктің орташа бағасы келісіне 4 378 теңгені құраған.
Былтыр қазан айымен салыстырғанда аталмыш өнім 31,4 пайызға қымбаттаған.
Өңірлер арасында қатты ірімшік Қарағанды қаласында айтарлықтай қымбат. Мұнда ірімшіктің орташа бағасы 5 356 теңге шамасында. Астанада орташа баға 4 880 теңге болса, Алматыда 4 700 теңге, Таразда 4 782 теңге.
Ірімшік келісі ең арзан қала Қонаев болып отыр. Мұнда бір келі ірімшікті – 3 153 теңгеге сатып алуға болады.
Статистика бюросының дерегінше, 2022 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстанда 24 409,9 тонна ірімшік пен сүзбе өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға аз.
Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, қазақстандық ірімшік (сүзбені қоса алғанда) негізінен ТМД елдеріне (Ресей, Армения, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан), сондай-ақ Корея мен Моңғолияға экспортталады. Ал импорттың негізгі көлемі Ресей, Беларусь, Украина, Латвия және Иран елдерінен келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1995807-qazaqstanda-irimsik-bagasy-bir-zylda-314-paiyzga-qymbattagan/