Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір тамағыңызды әрең алып ішесіз": Экономист еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатысты пікір білдірді

Жарияланған күні:

азық-түлік
Базар. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2022 жыл азық-түлік және басқа да тауарлардың күрт қымбатауымен есте қалды. Соның салдарынан теңгенің біршама құнсыздануы халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ салған. Ал келесі жылы елдің әлеуметтік жағдайы не болмақ? Ең төменгі күнкөріс деңгейі қазіргі бағаларға сай ма? KAZ.NUR.KZ тілшісі экономист Мақсат Халықтан осы жөнінде пікірін сұрады.

Экономистің айтуынша, биылғы инфляция 20 пайыздан асып кеткен. Ал азық-түлік инфляциясы 25 пайызды құраған.

"Бұл өте жоғары қарқынды инфляция саналады. Шынын айту керек, бұл қымбатшылық елдің төлем қабілетін нашарлатып жіберді деп айтуға негіз бар. Егер де ел тұрғындарының табысы артпайтын болса, бұл үлкен әлеуметтік шиелініске алып келуі мүмкін. Сондықтан ең төменгі күнкөріс деңгейі бағаларға еш сай емес деп айта аламын. Ол қазіргі уақытта 36 мың теңге деп бекітілген.

Өзіңіз ойлап қараңыз, қазір 36 мың теңгеге адам өмір сүре алмайды. Оның өзінде Қазақ тағамтану академиясымен бірлескен шешімдерге қарасақ, бұл қаражатқа адам таңғы, түскі, кешкі асын алып іше алады, күнделікті рационда ағзаға қажетті дәрумендердің бәрі бар делінген. Бірақ бұл – күлкілі жағдай. Өйткені бүгінгі таңда 1200 теңгенің шамасындағы қаражатқа (36 мыңды 30 күнге бөлсек – ред.) бір тамағыңызды әрең алып ішесіз. Бірден кесіп айтуға болады – еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта қарастыру керек", - дейді экономист.

Сарапшының сөзінше, ең төменгі күнкөріс шегі негізінде 70 мың теңге болуы керек.

"Жақында келер жылға арналған әлеуметтік кодекс таныстырылды. Онда алдағы жылы бұл сома 40 мың теңгенің үстінде болатыны айтылған. Бұның өзі әлі де төмен көрсеткіш деп айтқым келеді. Өйткені әлемдік тәжірибеге салатын болсақ, онда орташа медиандық жалақының 50 пайызын ең төменгі жалақы деп бекіткен, оның 44 пайызы ең төменгі күнкөріс шегі деп есептеледі.

Қазір Қазақстанда орташа медиандық жалақы 160 мың теңгенің маңайында. Ал оның 50 пайызы, яғни, 80 мың теңге - ең төменгі жалақы болуы керек еді. Ол жыл сайын өсуі керек. Бірақ бізде келер жылдан бастап қана ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге көтерілмек. Негізінде ең төменгі күнкөріс деңгейі дәл осы 70 мың теңгеге тең болуға тиіс", - дейді Мақсат Халық.

Оның үстіне, экономистің айтуынша, келер жылы азық-түлік, тағы да басқа тауарлардың бағасы әлі де өсуі ықтимал.

"Бұл туралы қазіргі уақытта көптеген сарапшы айтып отыр. Қымбатшылық бәсеңдеу фазасына өтіп жатқан жоқ, ол әзірге тек өсіп жатқанын атап өту керек. Инфляция әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ. Көптеген болжамға қарасақ, ол келер жылдың бірінші ширегінде шыңына жетеді деп айтылып отыр, одан кейін, келесі жылдың орта шенінде ақырындап бәсеңдейді деген болжам бар", - дейді экономист.

Маман аталған болжамның орындалуына бірнеше фактор әсер ететінін атап өтті.

"Егер әлемдік геосаяси жағдай ушығып кетпесе, Ресей рублі қатты құнсызданып кетпесе, мұнай бағасы күрт түспесе, АҚШ федералды резервтік жүйесі қатаңдатылған ақша саясатынан жеңілдетілген ақша-несие саясатына қарай ауыспаса ғана бұл болжам орындалады деп айта аламыз. Әйтпесе, қымбатшылықтан бөлек, теңгеміз құнсыздануы мүмкін", - дейді Мақсат Халық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2003546-bir-tamagynyzdy-aren-alyp-isesiz-ekonomist-elimizdegi-en-tomengi-kunkoris-dengeiine-qatysty-pikir-bildirdi/