"Жастарға арналған тұрғын үй": 27 наурызда еліміздің тағы бір облысында құжат қабылдау басталады
Жарияланған күні:
Ұлытау облысының жастарына арналған "Ұлытау жастары" тұрғын үй бағдарламасына өтінімдер 27-31 наурыз аралығында қабылданады, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайтында.
Әкімдіктің мәліметінше, бағдарлама аясында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге 750 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалады.
Бағдарлама шарттары мынадай:
жылдық несие мөлшерлемесі - 6%;
қарыздың ең жоғары сомасы - 20 млн теңге;
бастапқы жарна - кем дегенде 10%.
Жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру кезінде некенің ұзақтығы, бала саны, жұмыс өтілі және тағы басқа көрсеткіштер қаралады.
"Ұлытау жастары" бағдарламасына мынадай сала мамандары қатыса алады:
- денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері;
- білім беру саласындағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері;
- мемлекеттік мәдени ұйымдардың қызметкерлері;
- мемлекеттік ұйымдарда еңбек қызметін жүзеге асыратын спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар;
- бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері;
- жоғары оқу орындарының штаттық қызметкерлері;
- халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері.
Оларға қойылатын талап бойынша қатысушының жасы өтініш берген кезде 35 жастан (қоса алғанда) аспауға тиіс. Сондай-ақ үміткердің және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үй болмауы керек.
"Таңдалған салада кемінде соңғы 1 жылда ресми жұмыс өтілі болуы керек және зейнетақы жарналары міндетті түрде төленуі қажет. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Өтінімдер 2023 жылдың 27-31 наурызы аралығында сағат 09:00–18:00 аралығында қабылданады" - делінген әкімдік хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2014042-zastarga-arnalgan-turgyn-ui-27-nauryzda-elimizdin-tagy-bir-oblysynda-quzat-qabyldau-bastalady/