Бүгінде Қазақстанда 7 пайызбен ипотека беріле ме
Жарияланған күні:
Қазақстанда "7-20-25" бағдарламасы жұмысын жалғастыруда, бірақ оны жүзеге асыру үдерісі бәсеңдеді. "Крыша" порталы азаматтардың көкейінде жүрген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
2023 жылы қазақстандықтар үшін бастапқы нарықта жеке баспана сатып алуға мүмкіндік беретін "7-20-25" бағдарламасының мерзімі ұзартылды. Алайда оны пайдалана алатын қазақстандықтар аз – наурызда республика бойынша небәрі 200 ипотекалық несие берілген.
Осыған байланысты көптеген азаматтың көкейінде қазір де осы бағдарлама бойынша несие алуға бола ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Бағдарлама әлі де жалғасын табуда, десе де оған қол жеткізу оңайға соқпайды.
Өйткені банктердің басым бөлігі қазір қаржыландыру жүргізілмегендіктен бағдарламаны тоқтатқанын және өтініштерді қабылдамайтынын айтты. Порталдың хабарлауынша, бағдарламаға қатысуға өтінімдерді тек Халық банкі ғана қабылдауда, алайда толық ақпарат алу үшін банк бөлімшесіне хабарласу қажет.
Freedom Finance Bank те алдын ала өтінімдерді қабылдай бастады, бірақ оларда өтінімдер 45 күн бойы ғана жарамды және ипотека берілу кепілдігі жоқ. Altyn Bank сарапшыларының айтуынша, екінші кварталға белгіленген лимит біткен, ал жаңа өтінімдерді қабылдау рәсімі шілдеде жалғасады.
Банктердің басым бөлігі қаржыландыру болмағандықтан өтінімдерді қабылдамай отырғанына қарамастан, Қазақстанның орнықтылық қоры (ҚОҚ) ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2023 жылдың екінші кварталында ақша бөлінгенін хабарлаған болатын.
"Екінші кварталдың лимиті іске қосылды, енді банктерге азаматтарға несие беріп, үйді сатып алу мәселесі бойынша клиенттерді бізге жолдауға рұқсат етілген. Банктердің басым бөлігі неліктен несие беруді бастамағаны олардың ішкі мәселесі. Меніңше, олар бірінші кварталдың есептерін жауып, филиалдар арасында таратуда. Ал кейбір банктер несиені қаңтардағы өтінімдер бойынша береді", - деп түсіндірді ҚОҚ сыртқы байланыс қызметінің менеджері Айбар Олжаев.
Осылайша бағдарлама жұмысын жалғастыруда, бірақ оған қатысу енді айтарлықтай қиындай түсті.
Дегенмен қазақстандықтар үшін баспана таңдау кезінде де қиындықтар туындауы мүмкін. Еске салсақ, "7-20-25" бағдарламасында баспана сатып алу бойынша бағаның шегі бар, бұл көптеген азаматқа қолайлы тұрғын үй табуды қиындатады.
Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында "7-20-25" бағдарламасы бойынша сатып алынатын баспананың құны 25 миллион теңгеден аспауға тиіс. Қарағанды мен Түркістанда 20 млн теңгеге дейін ғана үй сатып алуға болады. Ал еліміздің басқа аймақтарында шекті сома – 15 млн теңге.
20 пайыз бастапқы жарнамен 25 жылға 7%-дық ипотеканы жеке баспанасы жоқ қазақстандықтар ғана ала алады.
Бағдарлама операторлары жеті коммерциялық банк болып табылады: Bank RBK, Еуразиялық банк, ForteBank, Халық банкі, Банк ЦентрКредит, Altyn Bank және Freedom Finance Bank.
Еске салсақ, бұған дейін "7-20-25" бағдарламасы бойынша қанша қазақстандық үйлі болғаны туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2016121-buginde-qazaqstanda-7-paiyzben-ipoteka-berile-me/