Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жыл соңына дейін Қазақстанда баға өсімі шамамен екі есеге төмендеуі мүмкін

Опубликовано:

Доллар және теңге
Доллар және теңге. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Елдегі инфляция деңгейі бәсеңдей бастады. Қаржы нарығы сарапшыларының болжамынша, жыл соңына дейін баға өсімі екі есеге төмендейді. Мамандардың болжамын Ұлттық банктің ресми сайтында жариялады.

Ұлттық банк Қазақстандағы макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын ұйымдар арасында сауалнама жүргізіп, нарықтың кәсіби қатысушыларынан ішкі және әлемдік нарықтағы ахуалдың даму барысы туралы дербес пікірін, бағалауын және болжамын сұраған.

Сарапшылар инфляция, базалық мөлшерлеме, доллар бағамы, мұнай бағасы, экономикалық өсім және тағы басқа бойынша болжам жасаған.

Баға өсімі қаншалықты төмендейді

Мәселен, осы жылдың желтоқсан айында жылдық инфляция деңгейі 11,8 пайызды құрайды деп күтілуде. Бұл былтырғы жылдың желтоқсан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге төмен (20,3 пайыз), ал биылғы жылдың ақпан айында рекорд тіркелді. Инфляция деңгейі 21,3 пайыз болды.

Еске сала кетейік, биыл наурыз айынан бастап тауарлар мен қызметтер бағасының жылдық өсімі сәуір айында 16,8 пайызды құрап, бағаның өсу тенденциясы күрт баяулай бастаған болатын. Бұл сарапшылардың болжамына да әсер еткен болар, өйткені алдыңғы сауалнамамен салыстырғанда сарапшылардың бұл жолғы берген бағасы жақсырақ.

Бұл ретте, 2024 жылға қарай инфляция деңгейі – 8,4 пайызды, ал 2025 жылы 7,2 пайызды құрайды деп күтілуде.

Базалық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін бе

Былтыр желтоқсан айынан бері рекордтық баға өсімін тұрақтандыру үшін Қазақстан жоғары базалық мөлшерлемені ұстап отыр. Оның шегі жарты жылдан бері 16,75 пайыз деңгейінде.

Бірақ инфляцияның төмендеуіне қарамастан, сарапшылар ақша-несие саясаты комитетінің алдағы отырысында базалық мөлшерлеме бұрынғы деңгейде сақталады деп болжауда.

Сонымен қатар сарапшылардың болжамына сәйкес, 2023 жылы көрсеткіш орта есеппен 16,2 пайызды, 2024 жылы 13 пайызды, 2025 жылы 9,5 пайызды құрайды.

Доллар қымбаттауы мүмкін бе

Сарапшылардың пайымдауынша, доллар бағамы өсуін әлі жалғастырады. Егер бүгінде 1 АҚШ доллары 449,19 теңге болса, 2023 жылдың соңына қарай 1 доллар орта есеппен 462,3 теңгеге тең болуы мүмкін.

2024 жылы доллар 487,8 теңге, 2025 жылы 510 теңге болады деп күтілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2021230-zyl-sonyna-deiin-qazaqstanda-baga-osimi-samamen-eki-esege-tomendeui-mumkin/

pixel