Елімізде барлық кәсіпорынды есепке алғандағы орташа жалақының мөлшері қандай
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚазақстанда екінші тоқсанда орташа номиналды жалақы мөлшері 365 мың теңгеден асқан. Бірақ бұл ретте барлық кәсіпорынды, соның ішінде шағын кәсіпорындарды есепке алған жағдайда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болып шығады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Биылғы жылдың екінші тоқсанында орташа номиналды жалақының мөлшері 365 502 теңгені құрады. Дегенмен бұл көрсеткіштің де бірнеше кілтипаны бар. Біріншіден, оны есептеу кезінде сарапшылар ұсталынатын салықтар мен т.б. міндетті төлемдерді есепке алмаған, екіншіден, шағын кәсіпорындар есепке кірмеген.
Бірақ бүгінгі таңда Ұлттық статистика бюросы барлық қызметкердің жалақысы туралы мәліметті жариялады. Ұлттық статистика бюросы есептеу әдісін өзгерткеннен кейін аталған көрсеткіш айтарлықтай төмендеп кеткені байқалған.
Мәселен, кәсіпкерлікпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алсақ, еліміздегі орташа жалақының мөлшері 335 134 теңгені құрайды. Оның үстіне бұл сома аймаққа байланысты айтарлықтай ерекшеленеді.
Екінші тоқсанда ең жоғары жалақы Атырау облысындағы қызметкерлерге берілген. Олардың жалақысы – 532 590 теңге болған. Маңғыстау облысында жалақы мөлшері 471 723 теңгені құраған, Ұлытау облысында қызметкерлердің ең жоғары жалақысы – 451 686 теңге болған.
Ал қазақстандықтарға берілген ең төменгі жалақы мөлшері Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген – орташа есеппен небәрі 249 552 теңгені құраған. Шымкентте орташа жалақы сәл жоғары – 257 670 теңге болған, Алматыда бұл көрсеткіш – 368 500 теңге болса, Астанада – 400 465 теңгені құраған.
Қай аймақтарда жалақы көлемі ең жоғары
Ұлттық статистика бюросында орташа жалақы өңірге ғана емес, экономика саласына да байланысты екені атап өтілді.
Мысалы, сарапшылардың мәліметінше, биылғы жылдың екінші тоқсанында ең жоғары жалақы тау-кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде (676 817 теңге), қаржы және сақтандыру саласында (649 148 теңге) қарастырылған.
Ал ең аз жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығында (206 013 теңге), сондай-ақ сумен қамтамасыз ету саласында (201 575 теңге) қарастырылған.
Осылайша елдегі орташа жалақының мөлшерін есептеу кезінде бұл көрсеткіш қандай кәсіпорындар ескерілгеніне байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Бұл жолы сарапшылар шағын кәсіпорындарды есепке алғандықтан, биылғы орташа жалақы мөлшерінің көрсеткіші бұған дейінгі көрсеткіштен шамамен 8,31 пайызға немесе 30 368 теңгеге аз болғанын анықтаған.
Алайда бұл көрсеткіштер барлық қазақстандыққа қатысы бар деп айтуға келмейді. Көптеген азаматтың жалақысы әлдеқайда аз. Бұған сан түрлі факторлар әсер етуі ықтимал: қызмет саласы, тұрақтану аймағы, компанияның деңгейі, қызметкердің тәжірибесі және т.б.
Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, кірісті есептеудің басқа да әдістері бар. Мысалы, көптеген сарапшы орташа жалақы көлемін анықтау үшін орташа номиналды жалақыны емес, медианалық көрсеткішті қолданады – бұл әдіспен орташа жалақы мөлшері есептелген кезде зерттеу нәтижесі әлдеқайда аз болып шығады.
Осылайша екінші тоқсанда шағын кәсіпорындарды есептемеген жағдайда орташа жалақы мөлшері 240 779 теңгені ғана құраған. Яғни бұл еліміздегі еңбекке жарамды қазақстандықтардың жартысы осы сомадан аз жалақы алғанын білдіреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2038715-elimizde-barlyq-kasiporyndy-esepke-algandagy-ortasa-zalaqynyn-molseri-qandai/