Бизнесмені ең көп қазақстандық қала белгілі болды
Жарияланған күні:
Еліміздегі бизнесмен-қала - Алматы, одан кейін кәсіппен айналысатындар саны жөнінен Астана мен Түркістан облысы көшке ілесіп тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Бұл туралы Ranking сараптама қызметінің зерттеуінде айтылады.
Шағын және орта бизнес субъектілері Алматыда (389,6 мың) ең көп, одан кейін Астана (257,4 мың) және Түркістан облысы (217,8 мың) тұр. Бұл өңірлердің елдегі жалпы кәсіпкерлері арасындағы үлесі 38,7 пайызына тең.
Жылдан жылға сегменттегі компаниялар өсіп келе жатыр. Мәселен, 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, елімізде 2,2 млн шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліпті — жыл басымен салыстырғанда 10,4 пайызға көп деген сөз, ал 2022 жылдың басымен салыстырғанда өсім 32 пайызға жетті.
Экономика салалары бойынша тіркелген компаниялардың ең көп үлесі көтерме және бөлшек сауда және автожөндеу (35,9 пайыз), ауыл, орман және балық шаруашылығы (14,4 пайыз), сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі (5,6 пайыз) салаларында.
Зерттеуде кейінгі жылдардағы ШОБ дамуының басты себептері де аталған.
"Кейінгі жылдардағы ШОБ дамуының басты себептерінің бірі — бизнес ашу және оны жүргізу рәсімдерін жеңілдету, оның ішінде ел банктерінің бүкіл қаржы жүйесін цифрландырудың арқасында. ЕДБ ШОБ-қа цифрлық қызметтері сектор өсімінің драйверіне айналып келеді", - делінген мәліметте.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2043564-biznesmeni-en-kop-qazaqstandyq-qala-belgili-boldy/