Қазақстандықтар Жаңа жылға орай дастархан жайып, сыйлық алуға қанша ақша жұмсайды
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖаңажылдық мерекелер адамдарға көтеріңкі көңіл күй сыйлағанымен, үлкен шығынға ұшыратады. Қазақстанның бірнеше қаласында тұрғындар мерекелік дастархан мен сыйлықтарға қанша ақша жұмсауды жоспарлап жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметіне сүйенсек, елорда тұрғындары мерекеге қамданып, жақындарына сыйлық сатып алып жатыр.
"Жаңа жылға орай дастархан жаю үшін қажетті азық-түліктің бәрі сатып алынды. Азық-түлік, етке шамамен 150 мың теңге жұмсалды. Отбасымыз бен достарымызға кішігірім кәдесыйлар, балаларға сыйлықтар алдық. Жалақы түгел жұмсалды десе болады",
"Көбіне әйелім қамданады. Ақырындап сатып алып отырмыз. Егер Жаңа жылда қонақ шақырсақ, азық-түлікке шамамен 100 мың жұмсалады",
"Біз әлі барлығын сатып алған жоқпыз, бірақ ештеңе етпес, арзан нәрсе жоқ. Одан соң тағамдарға, жаңажылдық сыйлықтарға, ойын-сауыққа жұмсаймыз", - деп бөлісті Астана тұрғындары телеарна тілшілері жүргізген сауалнама кезінде.
Қала тұрғындарының айтуынша, биыл орта есеппен дастархан жаю үшін шамамен 100 мың теңге қажет. Бірақ сауалнамаға қатысқандардың арасында мерекеден кейін өмір аяқталмайтынын, тиісінше ақшаны дұрыс жұмсау керектігін айтқандар да болды. Экономист Андрей Чеботарев бұл ұстанымды құптайтынын айтты.
Сарапшының айтуынша, ақшаны үнемдеу үшін азық-түлікті алдын ала сатып алған жөн. Ал сыйлықтарды сатып алуға уақыт жоғалтпау үшін ол қазақстандықтарға жеткізу қызметі арқылы онлайн тапсырыс беруге кеңес берді.
"Жаңа жыл қарсаңында көптеген тауар қымбаттай түседі. Бұл жыл сайынғы құбылыс, спекулянттардың, кәсіпкерлердің және т.б. мұнда еш кінәсі жоқ. Бұл - нарық заңы. Егер сұраныс жоғарыласа, ұсыныс бағасы да артады, сондықтан ақшасын үнемдегісі келетін адамдарға бәрін ертерек сатып алуға немесе көршілерімен бірге тойлауға кеңес беремін. Ең бастысы шектен шығып кетпеген жөн", - деді тәуелсіз қаржы саласының сарапшысы Андрей Чеботарев.
Сондай-ақ экономист сатып алынған азық-түліктің басым бөлігін ертесі күні қоқысқа лақтырмау үшін дүкен сөрелерінен бәрін сыпырып алмауға кеңес берді. Оның сөзіне сүйенсек, адамдар жақындарына жақсы эмоция мен естеліктер сыйлауға тырысу керек, себебі олар баға жетпес сыйлықтардың бірі.
Ал Жаңа жылға орай қамданып үлгерген Өскемен тұрғындары жаңажылдық дастархан жаю құны орта есеппен 25-30 пайызға артқанын айтты. Әжептеуір қымбаттаған өнімдердің ішінде ет, жұмыртқа, көкөністер мен жемістер бар. Дегенмен өскемендіктер ешкім де тәттілер мен сыйлықтардан құр қалғысы келмейтінін әрі Жаңа жыл барлығы да тойлайтын ерекше мереке екенін айтты.
Танымал жаңажылдық тағамдарға "оливье", "ішік жабылған майшабақ" салаты, сондай-ақ заманауи түрлі тағамдар, шампан әрі балаларға арналған тәттілер кіреді.
"Отбасымыз сүйіп жейтіннің бәрі бар - майшабақ, бутерброд, шампан. Жемістер мен етке келсек, онсыз (дастархан жаю - ред.) мүмкін емес, бұл мереке 25 пайызға қымбаттырақ болатын сияқты",
"Әлі бәрін толық есептеген жоқпын. Бірақ не дегенмен, өзіміз үшін емес, алдымен балаларымыз үшін жасап отырмыз ғой, дәстүрдің аты дәстүр, оны бұзуға болмайды", - деп жауап берді Өскемен тұрғындары телеарна тілшілері жүргізген сауалнамаға.
Телеарна ақпаратынша, ел тұрғындары әдетте көбіне сыйлық ретінде косметикаға сертификат, СПА-салондарға не шетелге жолдама береді.
Жаңажылдық корпоратив пен іс-шаралар жүргізушісі Юлия Шандуро биыл көпшілікті таң қалдыру қиын екенін айтты. Ол қазір Аяз ата мен Ақшақарды шақырып, түрлі жарыстар өткізумен шектеле алмайсың деген пікірде. Сондықтан алдын ала жаңажылдық бағдарламалар, яғни әртістер, сиқыршылар, әзілкештер мен әнші, музыканттар қатысуымен болатын ірі шоу дайындалған. Тиісінше, бір іс-шара ұйымдастыру бағасы да айтарлықтай жоғарылаған.
"Әртістер мен жүргізушіні қоса алғандағы бағасы миллионнан асады. Аяз ата мен Ақшақарды үйге де, іс-шараларға да шақыру үлкен сұранысқа ие", - деді жүргізуші.
Өскемен тұрғындары үшін Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақыру құны - шамамен 15-30 мың теңге. Жаңа жыл қарсаңында олардың қызметі екі есеге қымбаттайды. Дегенмен көбіне қала тұрғындарының басым бөлігі Жаңа жылды қарсы алу үшін орталық алаңға барады. Орталық алаңда Аяз ата, концерттік бағдарламалар мен безендірілген бас шырша бар. Сондай-ақ синоптиктер 2024 жылдың алғашқы сағаттарында әлсін қар жауып, ауа температурасы небәрі -3 градусқа төмендейді деп болжайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2052867-qazaqstandyqtar-zana-zylga-orai-dastarxan-zaiyp-syilyq-aluga-qansa-aqsa-zumsaidy/