Ұлттық қордан түсетін ақшаны балаға білім беру үшін дұрыс жұмсаудың жолы қандай
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚазақстандық балалар Ұлттық қордан түскен ақшасын тек бес мақсатқа, соның ішінде білім беру несиесін төлеуге жұмсай алады. Ұлттық қор кірісінің есебінен түсетін қаражатты тағы қандай мақсатта қолдануға мүмкіндік бар? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
2024 жылы 7 миллионға жуық қазақстандық бала Ұлттық қордан алғашқы төлемдерін алды. Әр баланың нысаналы жинақтау шотына 100,52 доллар түсті. Болашақта бұл сома көбеюі мүмкін, ал кәмелет жасқа толған соң бала нысаналы жинақтау шотында жатқан ақшаны алуға құқылы.
Ұлттық қор қаражатын тек тұрғын үй жағдайын жақсартуға я баланың оқу ақысын төлеуге жұмсауға рұқсат етілген.
Сондай-ақ Қазақстан республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінің сайтында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану қағидалары туралы Ереже жарияланды.
Ережеде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, қазақстандықтар "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында түскен қаражатты бес негізгі білім беру бағыты бойынша қолдана алады:
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары әрі жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын қазақстандық білім беру ұйымдарының қызметіне ішінара немесе толық ақысын төлеу;
- шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне ішінара немесе толық ақысын төлеу;
- білім беру жинақтау салымын толықтыру;
- білім беру жинағына байланысты сақтандыру шарты бойынша сыйақы енгізу;
- білім беру кредиті бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу.
Ұлттық қор есебінен түскен ақшаны пайдалану үшін нысаналы жинақтау шотының иесі, я болмаса оның заңды өкілі банк шотының нөмірін көрсетіп, білім алу мақсатында мақсатты жинақтау есебінен оқу ақысын төлеу жайлы электрондық өтініш толтыруға тиіс. Өтініш жазу кезінде доллар түрінде қажетті сома мен қаражатты пайдалану мақсатын көрсетуі керек, кейін ЭЦҚ арқылы құжатқа қол қою қажет.
Бағдарламаға қатысушының тиісті банктік шотына ақша түскеннен кейін 45 күннің ішінде уәкілетті операторға қаражат нақты рұқсат етілген мақсатта жұмсалғанын растайтын құжаттар ұсынылуға тиіс.
Қаражат тиісті мақсатта жұмсалғанын растау үшін мынадай дәлелдер ұсынуға болады:
- қазақстандық я шетелдiк оқу орнында бiлiм беру қызметiн көрсету туралы келісімшарт пен төлем құжаты;
- білім беру бойынша жинақтау салымының келісімшарты;
- білім беру жинақтарын сақтандыру келісімшарты;
- білім алу/беру мақсатында алынған несие жайлы келісімшарт.
Егер аталған құжаттар дер кезінде ұсынылмаса, бағдарлама аясында қаражатты алушының банктік шотына түскен ақша БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2061170-ulttyq-qordan-tusetin-aqsany-balaga-bilim-beru-usin-durys-zumsaudyn-zoly-qandai/