Қазақстанда 2030 жылға қарай 1 км жолға 3,2 миллион доллардан жұмсау жоспарланған
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлдағы алты жылда елде ұзындығы 4,7 мың км, құны 15 миллиард доллар болатын тоғыз ірі автомобиль жолын дамыту жобасы жоспарланған. Оларды кім және қалай қаржыландыратынын KAZ.NUR.KZ сайтынан оқыңыздар.
23 ақпанда Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Талқыланған мәселелер қатарында қалалар арасындағы автомобиль жолдарын дамыту жоспарлары да сөз болды.
"Көлік-транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде 2024-2030 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым болатын жаңа жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруды бастау жоспарланған.
Жобалардың бағдарлы бағасы – 15 млрд доллар", - деді көлік министрі Марат Қарабаев.
Осылайша, биылдан бастап бірінші кезеңді, соның ішінде мынандай автожол жобаларын іске асыруды бастау жоспарлануда:
- Қызылорда – Жезқазған;
- Ақтөбе – Қызылорда;
- Қарағанды – Жезқазған;
- Сарыағаш қаласының айналма жолы.
Ал 2024-2026 жылдар аралығындағы екінші кезеңде мына жолдарда құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарланған:
- Атырау – Доссор;
- Астана – Қостанай – Ресей Федерациясының шекарасы;
- Атырау – Орал;
- Түркістан қаласының айналма жолы.
Үшінші кезеңде 2026 жылдан кейін ұзындығы 1434 шақырым болатын қалған жобаларды жаңғырту қарастырылған.
Айта кетейік, жақында министр Қазақстандағы ақылы жолдардағы тарифтер көтерілетінін айтты.
ENERGY MONITOR Telegram арнасының сарапшылары министр бұл жол жобалары қандай қаражат есебінен қаржыландырылатынын айтпағанын атап өтті.
Бұл ретте жоспарланған жұмыстардың құны да сұрақ туғызып отыр.
"Министрдің деректеріне сенетін болсақ, 1 шақырым жолға 3,2 миллион доллардан астам (дереккөзде 3 000 доллар деген сома қате көрсетілген – ред. ескертпесі).
АҚШ-та дренаж жүйесі бар 11 метрлік төрт жолақты жолға 2 миллион доллар, Еуропада 2,5-3,5 миллион доллар, Қытайда 1,5 миллион доллар кетеді. Ресейде қымбатырақ", - дейді сарапшылар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2062940-qazaqstanda-2030-zylga-qarai-1-km-zolga-32-million-dollardan-zumsau-zosparlangan/