Қазақстанның барлық қаласында дерлік тұрғын үй бағасы төмендеді
Жарияланған күні:
Сәуір айында сарапшылар Қазақстанның көптеген қаласында тұрғын үй бағасының төмендеуін тіркеді. Шаршы метрдің құны ең көп Алматыда бір айда 2,1 пайызға арзандады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалында.
Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда жылжымайтын мүліктің құны үздіксіз өсуде – үш жыл ішінде қайталама тұрғын үй нарығында шаршы метрлер орташа есеппен 40 пайызға қымбаттады. Дәл қазір Қазақстан баға жөнінен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы (ТМД) кейбір елдерден де озып кетті.
Алайда сәуір айында елде күтпеген жағдай болды – көптеген қалаларда пәтер бағасы төмендеді. "Крыша" порталының сарапшылары 18 қаланың 11-де бағаның төмендегенін атап өтті.
Баға ең көп төмендеген қала – Алматы. Мұнда бір айда баға 2,1 пайызға түсті. Дегенмен мегаполистегі пәтерлердің орташа құны бұрынғысынша республика бойынша ең жоғары – шаршы метрі 717 216 теңге.
Басқа қалаларда ай сайынғы төмендеу айтарлықтай байқалмайды: Қарағандыда (-1 пайыз), Талдықорған мен Ақтөбеде (-0,7 пайыздан), Павлодар мен Қызылордада (-0,6 пайыздан), Орал, Өскемен және Таразда (-0,4 пайыздан), сондай-ақ Шымкент пен Көкшетауда (-0,1 пайыздан).
Ақтауда бір айда баға айтарлықтай өсті – 4,2 пайызға, орташа есеппен шаршы метрі үшін 350 884 теңгеге дейін. Бір қызығы, бұл қала да жыл сайынғы көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда тұр.
Салыстыру үшін: Алматыда баға бір жылда небәрі 0,7 пайызға өссе, Астанада 0,6 пайызға, ал Шымкентте жалпы алғанда 3 пайызға төмендеген.
Бағалар жыл сайынғы көрсеткіш бойынша ең көп төмендеген Өскеменде – бірден 4,7 пайызға. Одан кейінгі орында Семей -3,7 пайызды құраса, Талдықорған -3,6 пайызбен үздік үштікті жапты.
Дегенмен көптеген қаладағы қазіргі құлдырау болашақта жалғаспауы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында 7 пайыз немесе 9 пайыз бойынша тұрғын үй несиесін алуға мүмкіндік беретін "Наурыз"ипотекасы басталған болатын. Бұл елдегі тұрғын үйге сұранысты айтарлықтай арттырып, бағаның өсіріп жіберуі мүмкін.
Сондай-ақ сарапшылар бұған дейін бағаның көтерілуіне наурыз және сәуір айларында Қазақстанның көптеген аймақтарында болған су тасқыны әсер етуі мүмкін екенін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2097221-qazaqstannyng-barlyq-qalasynda-derlik-turgyn-ui-bagasy-tomendedi/