Атақты инвестор Рэй Далио Сингапурдағы тарихи жылжымайтын мүлік сатып алды
Жарияланған күні:
Әйгілі инвестор Рэй Далио басқа да миллиардерлер сияқты Сингапурдан жылжымайтын мүлік сатып алды. Бұл туралы Financial Times басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Пандемия кезінде Сингапурға қоныс аударған Рэй Далионың отбасылық кеңсесі 2021 жылы Клаб-стриттен 25,5 миллион сингапур долларына (18,9 миллион АҚШ доллары) екі дүкен сатып алғаны белгілі болды. Бұл туралы мәміленің егжей-тегжейлерімен таныс екі FT дереккөзі хабарлады.
Отбасылық кеңселер – ауқатты адамдарға арналған байлықты басқару компаниялары. Сингапурда отбасылық кеңселердің саны 2018 жылы бірнешеу болса, 2023 жылы шамамен 1400-ге дейін күрт өсті. Бұл кеңселердің негізін қалаушы миллиардерлер Сингапурдағы жылжымайтын мүлікке инвестиция салып жатыр. Сондай-ақ олардың таңдауы тұрғын үйлер немесе кеңселерге емес, тарихи дүкендерге түсуде.
Дереккөздерге сәйкес, Рэй Далионың отбасылық кеңсесінің мүлкін жөндеу келесі жылдың басында аяқталуы керек және компания LinkedIn арқылы қызметкерлерді жалдай бастайды. Далионың отбасылық кеңсесі миллиардер өзінің хедж-қорынан шыққаннан кейін Абу-Дабиде де кеңейіп жатыр.
Сингапурда 6700-ге жуық дүкен орналасқан. Оларды мемлекет тарихи ескерткіштер ретінде өз қорғауына алған. Бұл ғимараттарды 1800 жылдары қытайлық иммигранттар салған және бұрынғы колониялық форпостта алғашқы саудагерлердің тұрғын үйлері мен дүкендері ретінде қызмет еткен.
Осындай тарихи дүкен ғимараттары Google негізін қалаушы Сергей Брин мен Alibaba негізін қалаушы Джек Маның әйелі Чжан Инге де тиесілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2105832-ataqty-investor-rei-dalio-singapurdagy-tarihi-zhylzhymaityn-mulik-satyp-aldy/