Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір емес, екі пәтер сатып алдым": алматылық Гүлмарал Ахмед банк арқылы баспаналы болудың тиімді жолдарын айтты

Жарияланған күні:

Ахмед Гүлмарал
Фото: Ахмед Гүлмаралдың жеке архивінен

Бүгінде баспаналы болу – әрбір қазақстандықтың көкейінде жүрген негізгі мәселе. Әсіресе, шаңырақ көтерген әрбір жас отбасы үйлі болуды армандап, қам жасап әлек. Пәтерден пәтерге көшіп, үй иесінің ескертуінен қажығандар көп. Дегенмен тиыннан теңге құрап, депозит ашқан азаматтар бір емес, бірнеше баспана алып жатыр. Сыры неде? Алматылық тұрғын Гүлмарал Ахмед баспана алудың тиімді жолдарын айтты.

Қазақстанда ипотекалық несиелеудің ең танымал бағыттарының бірі – тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесі. Бастысы – қолжетімді әрі пайызы төмен. Бұл жүйенің игілігін көргендер де аз емес. Мәселен, Ахмед Гүлмарал – Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің аға оқытушысы. Ол "Отбасы банкінен" кеңес алып депозит ашқан. Гүлмарал ипотекалық бағдарламалардың барлығын түгендеп, зерттеп шыққан. Алғашқы пәтерін 2021 жылы "Шаңырақ" бағдарламасы аясында бірінші нарықтан сатып алған. Онымен қатар қосымша депозит ашып, оған қаражат жинауын жалғастырған. Арада 1 жыл өткенде салымындағы қаражатын алатын үйінің жарты бағасына жеткізіп, қалғанын банктен тұрғын үй заемы арқылы рәсімдеп, екінші пәтеріне қол жеткізген. Ал бүгінде үшінші баспанасын алуға қамданып жүр.

"2018 жылы стандартты депозит аштым. Жалақымды үнемдеп, мақсатыма жету үшін артық шығындарды азайттым және қосымша жұмыс жасап, тапқан табысымның жартысын депозитке жинақтап отырдым. Нәтижесінде 10 пайыздық алғашқы жарна жинап, мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болдым – дейді Отбасы банкінің салымшысы Гүлмарал Ахмед.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қыр-сырын әбден меңгеріп алған келіншек екінші баспанасын аларда "отбасылық пакет" қызметін қолданып өзіне, жолдасы мен баласының атына жеке-жеке депозит ашады. Осылайша әр депозитке қаржы жинап, жыл сайын түсіп отыратын мемлекеттік сыйлықақы мен банк сыйақысын 3 депозитке бірден алып отырады. Гүлмарал басты қағидам қаржыны үздіксіз, тоқтатпай салымға салып отыру -дейді.

"Жалпы Отбасы банкінің депозитінде ақша жинақтаудың негізгі шарттарын орындай отырып, баспана алудың жолын жеңілдетуге мүмкіндік алдым. Ол шарттар: ақшаны уақытылы құйып отыру, жыл сайын мемлекеттік сыйлықақы мен банктің сыйақысын алуға ұмтылып, оған жететіндей мөлшерде ақша жинақтау, бағалау көрсеткішін 16 көрсеткішіне жеткізіп, депозитке үш жылдың толуы. Депозиттің талаптары бағдарламаның түріне де байланысты болады" – дейді ол.

Жалпы тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесінің негізгі шарттары:

  1. Қаражатты депозитіңізде кемінде үш жыл жинақтау;
  2. Сізге қажетті соманың жартысын жинақтау ( яғни, 50%);
  3. Бағалау көрсеткішінің (БК) ең төмен деңгейіне жету. Бағалау көрсеткіші – бұл банк клиентінің қаржылық тәртібінің индикаторы. Яғни, егер ай сайын шот толықтырылса және депозитті толықтыру арасында үлкен үзіліс болмаса, онда БК тез өседі. Ол неғұрлым жоғары болса, тұрғын үй заемының мөлшерлемесі соғұрлым төмен болады.
Ахмед Гүлмарал
Фото: Ахмед Гүлмаралдың жеке архивінен

Бұл ақпараттар Отбасы банкінің ресми сайтында, әлеуметтік желілерінде бар. Гүлмаралдың артықшылығы сол, ол бағдарлама шарттарын жіті оқып, танысып, бірден іске кіріскен. Кейіпкеріміз адамның қаржылай сауатты болуы да көп мәселені шешетінін айтады.

"Қаржылай сауатты болуды ата-анамнан үйрендім. Қаржылық сауаттылық бір затқа, пайдаға қарап түзелмеу керек, ол сенің миыңда жаттанды іс болып қалуы керек деп үйреткен ата-анам. Сенің тапқан табысыңның берекелі болуы сенің күнделікті өз-өзіңе беретін есебіңнен. Жолдасым екеуміз тапқан табысымыздың қайда кетіп жатқанын, азық-түлік, күнделікті күнкөріс, қыдыру, жинақтау тағысын тағы, осының барлығын есеп дәптеріне жазып отырамыз" – дейді Гүлмарал Ахмед.

"Осылайша есеппен дос болу арқылы мұғалім алғашқы ипотекасын жауып, 2022 жылы тұрғын үй заемын алып, екінші пәтіріне қол жеткізген. Себебі қатарынан депозит ашып, әу баста салымдарына аударым жасай бастаған. Бүгінде отбасы банкке ай сайын 181 мың теңге төлейді екен. Бұл қаражатты жолдасыммен бірге оңай еңсеріп жүрген көрінеді. Жүйенің тиімділігін ұққан отбасы, қатарынан тағы бірнеше депозит ашып, оған да әдетінше ақша жинап жүр екен. Жақын арада балаларымызға мұра болып қалар үшінші пәтерімізді де аламыз деп жоспарлап отырмыз", – дейді Гүлмарал.

Кәмшат Оңалбаева
Фото: Камшат Оңалбаеваның жеке архивінен

Отбасы банкінің бизнесті басқару басқармасының басшысы Кәмшат Оңалбаева қазақстандықтар біздің қаржы құрылымын тек мемлекеттік бағдарламалардың операторы ретінде біледі –дейді. Алайда бұл жансақ пікір екен.

"Отбасы банк арқылы бір емес бірнеше пәтер алуға болады. Оған шектеу жоқ. Шектеу тек мемлекеттік бағдарламаларға ғана қатысты. Ал депозит ашып, біздің талаптарға сай қаражаттың жартысын жинап қойсаңыз, қанша үй аламын десеңіз де өз еркіңізде. Үй құнының 50 пайызын жинауға шамам келмейді десеңіз, алғашқы жарнасы 20,30 пайыздық бағдарламалар да бар. Бұл бастапқы баспанаңыз болса, банк беріп отырған осы мүмкіндіктерді қолдануға болады. Біздің филиалдарға, кеңесшілерге жолығып, өзіңізге сай келетін шарттарды таңдап алуға үлкен мүмкіндік бар", – дейді банк қызметкері.

Баспана – ең құнды, берік валюта

Гүлмарал бір емес бірнеше баспана алғысы келетін азаматтарды маркетингтің құрбаны болудан аулақ болуға шақырады. Себебі бар мәселе осында екен. Ақшаны жинақтау аз немесе көп жалақыға байланысты емес –дейді ол.

"Болашақ-бүгіннен басталады, теңге тиыннан құралады дегендей, бүгінгі күнмен өмір сүріп маркетингтің құрбанына айналмай қаражатыңызды үнемді жаратуды кеңес етер едім және ақшаны аз-аздап болсын жинақтауды үйренген дұрыс. Тіпті сіз тым аз жалақы алсаңыз да, көп жалақы алсаңыз да ақша жинақтау өзіңізге байланысты. 10 000 тенге жаратуды білмеген адам 1 млн теңгені де игере алмас еді. Өз-өзіңізге есеп беруді үйреніңіз. "Жылжымайтын мүлік — ең берік валюта" деген сөз бар ғой, сіз қандай баспана алсаңыз да ешқашан ұтылмайсыз, нарық бір орында тұрмайды. Баспана алудың жолын жақсы білсеңіз, ары қарай тағы да алуға әрекет еткіңіз келіп тұрады, барлықтарыңызға сәттілік, әр қазағым үйлі болсын!" – дейді келіншек.

Бір қызығы, Гүлмаралдың жылжымайтын мүлік алуындағы осы тәжірибесі айналасындағылардың да өміріне әсер еткен. Соның арқасында бірнеше туысы мен әріптестері депозит ашып, баспаналы болған. Бірдің пайдасы мыңға тигенін осындай мысалдардан білуге болады.

Осылайша Отбасы банк арқылы бірнеше шот ашып, бірнеше баспана алуға да болады екен.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы банк тұрғын үй заемымен, Өз үйім, Ұмай, 30/70, Жасыл ипотека, Жаңа баспана, Жас отбасы бағдарламаларымен бірнеше үй алғандар бар. Ол үшін бір депозит емес, отбасылық пакет арқылы бірнеше депозит ашып қойып, ай сайын толықтырып отыру қажет. Отбасылық пакетпен ашылған депозитпен, салымшы әр отбасы мүшесіне мемлекеттік сыйлықақы алып отырады. Банк беретін сыйақы тағы бар. Үй алатын кезде бұл депозиттердің бәрін біріктіруге мүмкіндік бар. Сонда ішіндегі қаражаты қомақты болады. Менің кеңесім, үйдегі әр отбасы мүшесіне, тіпті балаңызға да депозит ашып, қаражат жинау. Айлық алған бойда барлық депозитке қаражат аударып отыру. Сол арқылы тез арада бағалау көрсеткішін жинап, үй алу мақсатына жетуге болады" – дейді Отбасы банкінің бизнесті басқару басқармасының басшысы Кәмшат Оңалбаева.

Депозит ашқанда адамдар ай сайын тұрақты түрде салым салуы үшін не істеуі керек? – Банк маманының кеңесі

Әр адам өзінің алдына қойылған мақсатты орындау үшін әрекет жасауы керек. Үй аламын деген мақсатқа жету үшін, ай сайын депозитке ақша салу керек. Ол үшін әр адам өзінің қаржылық сауаттылығын арттыру қажет. Мысалы, адамдар көбіне айлық алған соң алдымен қарызын өтейді. Содан соң, коммуналдық төлемдерді, бала бақшаның, мектептердің, курстардың ақысын төлейді. Сонымен қатар азық – түлік, киім – кешек,тойға жұмсайды. Ал одан қалып жатса, депозитке салады. Сонда баспана алу мақсатымыз ай сайын алшақтай береді. Сол үшін айлық түскен соң бірден оның 5,10,15, мейлі 20 пайызын үй аламын деген мақсатпен депозитке салу қажет. Ал оны Отбасы банктегі "Арманға жол" бағдарламысы арқылы жүзеге асыруға болады.

"Арманға жол" бағдарламасы кәсіпорын қызметкерлеріне жалақыдан Отбасы банкіндегі депозитке автоматты түрде ақша аудару арқылы жинақ жасауға көмектеседі. Ол үшін жұмысшылар өздері жұмыс істеп жүрген компания бухгалтериясына өтініш жазулары қажет, ізінше қаражат автоматты түрде олардың жалақыларынан бірден шотқа аударылып отырады.

Жалпы бүгінгі күні Отбасы банкінде 2 770 000 жуық депозит бар. Күн сайын қазақстандықтар 1230 жаңа депозит ашады екен.

*Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 29 сәуірдегі № 1.1.111 банк заңнамасында көзделген банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2145834-bir-emes-eki-pater-satyp-aldym-almatylyq-gulmaral-ahmed-bank-arqyly-baspanaly-boludyng-tiimdi-zholdaryn-aitty/