Құрылыс компанияларына салынатын салық өссе, баспана қымбаттай ма
Жарияланған күні:
Жаңа салық кодексі енгізілгеннен кейін құрылыс компанияларына салынатын салық 12 пайызға артады деген ақпарат әлеуметтік желіде таралды. Журналистер бұл мәселені мәжіліс отырысынан кейін өткен брифингте ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтан сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Мәжіліс отырысынан кейін ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров журналистердің тұрғын үй бағасына қатысты сұрағына жауап берді. БАҚ өкілдері "жаңа Салық кодексі енгізілгеннен кейін салығы көбейген тұрғын үй бағасы шарықтап кетпей ме?" деген желідегілердің сауалын министрге қойды.
"2025 жылдан бастап жаңадан салынатын үйлерге салынатын салық 12 пайызға артады деген ақпарат тарап жатыр. Қазақстандықтардың баспанаға қолы жетпей қалмай ма?" деп сұрады БАҚ өкілі.
"Нарықта әртүрлі тұрғын үй бар. Санаты бойынша қымбат, орта кластағы және қолжетімді үйлер бар. Ал енді қазақстандықтар баспаналы болуы үшін 400 млрд теңге бөлініп, жаңа бағдарламалар іске қосылды. Бұл қарапайым халыққа арналған бағдарламалар. Бағаны нарық реттейді, баға өссе, демек сондай бағаға сатып алатын сатып алушы бар деген сөз", - деді ол.
Журналистер ұлттық экономика және қаржы министрліктері мұндай шешімді халықтың қалтасындағы қаражатты есептеп шығарды ма деп сұрады.
"Халықтың қалтасын ойлаймыз. Әлеуметтік топтар "Отбасы банк" арқылы үй ала алады. Ол жерде баға өспейді. Оның үстіне, бұл әлі қабылданған жоқ, жоспар. Қаржы министрлігі құрылыс нарығына қатысты осындай ұсыныс айтты", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2160157-qurylys-kompaniialaryna-salynatyn-salyq-osse-baspana-qymbattai-ma/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.