АӘК өмірлік қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға қалай көмектеседі
Жарияланған күні:
Қазақстандағы кедейлік шегінен төмен орташа жан басына шаққандағы табысы бар азаматтар мен отбасыларға мемлекет атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді. Оны кім ала алады, қайда жүгінуге және қандай құжаттар дайындауға болатындығы туралы ақпаратты KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Атаулы әлеуметтік көмекті алуға кім үміткер бола алады?
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) республика аумағында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтарына, қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға тағайындалады. АӘК тағайындау критерийі кедейлік шегі болып саналады, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең. Егер отбасының әрбір мүшесінің табысы осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық осы көмектің мөлшері болып саналады.
АӘК объективті себептермен өзін және жақындарын өз бетінше қамтамасыз ете алмайтын аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған. Атаулы көмек аясында отбасыларға ай сайынғы ақшалай төлемдер ғана емес, сонымен қатар 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша ай сайынғы төлемдер де қарастырылған. АӘК шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде көрсетіледі.
Шартсыз ақшалай көмек: Отбасының құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе олар объективті себеппен жұмыс істей алмаса, онда АӘК қосымша шарттарды орындауды қажет етпей ұсынылады. Оларға құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе еңбекке қабілетті жалғыз мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгденің күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын кірісі аз отбасылар жатады.
Егер аз қамтылған отбасы мүшелері еңбекке қабілетті болған жағдайда, олар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып және әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда ұсынылады. Сонымен қатар, отбасыларға біліктілігін арттыру курстарына жолдама беру және өзі кәсібін дамытуға гранттар ұсыну, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша жұмыспен қамтудың шаралары қарастырылған.
Атаулы әлеуметтік көмекті алуға қалай өтініш беруге болады?
АӘК өтінімді бірнеше жолмен беруге болады: электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы немесе тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы арқылы іске асырылады, ал ауылды жерде тұрған жағдайда кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгіну қажет. Өтінім білдіру үшін тек сәйкестендіру құжатын ұсыну жеткілікті: жеке куәлік, шетелдіктің тұруға ыхтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі), қандастар куәлігі не оның орнына сәйкестендіру үшін ол цифрлық құжаттар сервисінде болған жағдайда электрондық құжат болуы қажет. Өтінім беру үшін Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктің жеке куәлігі не тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі, ал қандастар үшін – қандас куәлігі ғана болса жеткілікті.
Өтініш беру процедурасы цифрлық қызметтердің арқасында айтарлықтай жеңілдетілді. Қолдауға құқығы бар тұлғаларға көмек алу туралы СМС-хабарлама келеді. Өтініш беруші келіссе, көмек автоматты түрде тағайындалады.
АӘК қалай есептеледі?
АӘК мөлшері әр отбасы үшін жеке анықталады.
Ол белгілі бір облыстағы нақты ең төменгі күнкөріс деңгейіне және отбасының кірісіне байланысты айқындалады. Егер отбасының жан басына шаққандағы кірісі кедейшілік шегінен төмен болған жағдайда, айырмасы АӘК арқылы Мемлекет тарапынан өтеледі.
Мысалы, облыста ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 000 теңге болса, онда кедейлік шегі 35 000 теңгеге тең болады. Егер отбасы мүшесіне шаққандағы табыс 30 000 теңге болса, онда АӘК сомасы 5 000 теңгеге тең болады. АӘК аясында мемлекеттік қолдау қысқа мерзімді материалдық мәселелерді шешіп қана қоймай, сонымен қатар алушыларға болашақта табысты даму жолдарын табуға көмектеседі.
Соңғы жылдары Қазақстанда АӘК алушылардың саны айтарлықтай азайды. Егер 2021 жылы 198 418 отбасынан 990 539 адамға көмек көрсетілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 114 086 отбасынан 598 441 адамға азайды. 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 72 708 отбасынан 385 608 адам АӘК алады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 45 пайызға аз.
Ақмола облысының Есіл қаласында тұратын екі баланың анасы Гүлмира Хайруллина көп жылдар бойы қиын өмірлік жағдайда болды.
2019 жылдан бастап оның отбасы мүшелері атаулы әлеуметтік көмек алды. 2023 жылы Гүлмира Хайруллина "Бастау Бизнес" жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды аяқтап, өз ісін ашу үшін мемлекеттік грантқа өтінім берді. Нәтижесінде оған 690 мың теңге бөлініп, кәсіпкер тазалық компаниясын ашқан.
Бүгінде Гүлмира Хайруллина отбасын кедейліктен алып шығып қана қоймай, кәсібін сәтті дамытып келеді.
Қостанай облысы Федоров ауданында үш баланың анасы Гүлжан Ысқақова 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алды. 2023 жылы "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша оқудан өтуді ұйғарып, тігін жабдықтарын сатып алу үшін 1 млн 380 мың теңге грант алды.
Отбасы өмірлік қиындық жағдайдан шықты: Гүлжан Исакова тігіншілікпен айналысады және өз ісін белсенді түрде дамытуда. Қостанай облысының Федоров ауданы – әзірге АӘК алушысы жоқ Қазақстанның жалғыз ауданы. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға жедел түрде қолдау мен көмек көрсететін жергілікті атқарушы органдар мен жеке құрылымдардың үйлесімді жұмысының арқасында осындай нәтижеге жетіп отыр.
Атаулы әлеуметтік көмек Қазақстанда аз қамтылған азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік қолдаудың маңызды элементі болып қала бермек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2167465-aak-omirlik-qiyn-zhagdaiga-tap-bolgan-qazaqstandyqtarga-qalai-komektesedi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.