Ұлттық банк доллардың күрт қымбаттауына байланысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Кейінгі уақыттағы теңгенің әлсіреуіне байланысты Ұлттық банк мәлімдеме жасады. Валюта нарығындағы жағдай туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсінік берді, деп хабарлайды Ұлттық банкке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Соңғы уақытта ішкі және сыртқы факторлардың жиынтығы теңгенің әлсіреуіне алып келді.
Сыртқы сектордағы жағдай әлі де күрделі болып отыр. Бұл жоғары құбылмалылық пен жаһандық экономикалық тәуекелдердің сақталуымен байланысты. АҚШ доллары дамыған және дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығаюын жалғастырды. DXY индексі қыркүйек айынан бері 5,5 пайызға артып, 106,2 тармаққа дейін жетті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,1 пайызға төмендеді.
Мұнай нарығында да пессимистік көңіл-күй байқалып отыр. Бұл әлемдік сұраныстың баяу қалпына келуі мен ОПЕК+ тарапынан ұсыныстың өсуі күтілуіне байланысты. Соның нәтижесінде мұнай бағасы барреліне 71-72 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендеді", - делінген хабарламада.
Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы және валюта нарығында, оның ішінде квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың шектелуі байқалатыны хабарланды.
Шетел валютасына сұраныстың өсуі жалпы экономикалық белсенділіктің, оның ішінде сыртқы экономикалық белсенділіктің артуына байланысты. Сондай-ақ, оған бюджет шығыстарының артуы мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға шығындарының ұлғаюы сеп болып отыр. Осы фактордың барлығы жиынтығында импорттың өсуіне, сәйкесінше, шетел валютасына сұраныстың артуына ықпал етеді.
Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізіп, инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына алып келеді.
"Осыған байланысты валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50 пайызын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Қазақстан Республикасы үкіметінің тиісті қаулысы мен Ұлттық Банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданады.
Бұған дейін бұл талап 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болған, алайда макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді. Сонымен бірге, бұл талап шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал болып табылады", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2189442-keiingi-uaqyttagy-tenggening-alsireuine-bailanysty-ulttyq-bank-malimdeme-zhasady/