Қазір Қазақстанда пәтерлер қаншадан сатылып жатыр
Жарияланған күні:

Қазақстанда пәтерлердің орташа бағасы бөлме санына қарай 13 миллионнан 25 миллион теңгеге дейін барады. Кейбір қалаларда баға одан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалында.
Кейбір сарапшылар жақын арада тұрғын үйлер бағасы өсетінін болжап отыр. Бір қызығы, оған соңғы кезде шарықтап кеткен доллар бағамы емес, жылжымайтын мүлікті сату кезінде қосымша құн салығының қайта енгізілуі ықпал етпек.
Қазірдің өзінде тұрғын үй бағасы көптеген қалада арзан деп айтуға келмейді. "Крыша" порталы жариялаған мәлімет бойынша, бүгінде Қазақстанда әртүрлі бөлмелі пәтерлердің орташа бағасы мынандай:
- 1 бөлмелі – 13 млн теңге;
- 2 бөлмелі – 19 млн теңге;
- 3 бөлмелі – 25 млн теңге.
Дегенмен кейбір ірі қалаларда пәтер бағасы едәуір жоғары. Алматы – бұл тұрғыда сөзсіз көшбасшы. Мұнда 1 бөлмелі пәтер орта есеппен 24 миллион теңге тұрады, 2 бөлмелі пәтердің бағасы – шамамен 36 миллион теңге, ал 3 бөлмелі пәтер үшін 44 миллион теңге төлеу қажет.
Тіпті Астананың өзінде мұндай қымбатшылық байқалмайды. Елордада 1 бөлмелі пәтер орташа есеппен – 18 миллион теңге, 2 бөлмелі пәтер – 26,8 миллион теңге, 3 бөлмелі пәтер – 39,5 миллион теңге тұрады.
Қызылордадағы жылжымайтын мүлік бағасына талдау жасасаңыз, айырмашылық жер мен көктей. Қазақстандағы ең арзан баспананы осы қаладан сатып алуға болады. Қалада 3 бөлмелі пәтер орташа есеппен 16 миллион теңге тұрады, яғни алматылық бір бөлмелі пәтерден шамамен 8 миллионға арзан.
Бір қызығы, Қазақстанда жалпы тұрғын үй бағасының әзірге айтарлықтай өсуі байқалмайды. Сарапшылар есептеуінше, қазан айының соңында пәтер құны 1 пайыз шамасында ғана өскен. Ресми деректер қайталама нарықтағы бағаның төмендегенін (0,4 пайызға) және бастапқы нарықтағы аздап өскенін (0,6 пайызға) көрсетеді.
Алайда сарапшылардың болжамы көңіл көншітпейді. Қазақстанда тұрғын үй бағасы бастапқы және қайталама нарықта айтарлықтай өсуі мүмкін. Бұған құрылыс саласына 12 пайыздық қосылған құн салығын қайта енгізу жоспары себеп болып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2189889-qazir-qazaqstanda-paterler-qanshadan-satylyp-zhatyr/