Келер жылы теңге бағамы қандай болады: сарапшылар болжам жасады
Жарияланған күні:
Сарапшылар ұлттық валюта тағы да 10 пайызға құлдырауы мүмкін деген болжам жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлады.
2024 жылдың соңы Қазақстан валютасы үшін оңай болған жоқ. Теңге айтарлықтай әлсіреп, оның долларға шаққандағы бағамы 500 теңгеден асты.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының болжамы бойынша, ұлттық валюта осы жылды шетел валютасына сұраныстың ұсыныстан асып кетуіне байланысты 10 пайыздан астам құлдыраумен аяқтауы мүмкін. Оның өткен жылы 1,7 пайызға нығаюының өзі жағдайды құтқармады.
Дегенмен теңге үшін 2025 жыл да қиын болуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үшін ең маңызды тәуекел – мұнай бағасының төмендеуі. Солай болса, барлық маңызды макроэкономикалық көрсеткіштерге, соның ішінде экономикалық өсімге, бюджет пен Ұлттық қорға түсетін түсімдерге, сондай-ақ теңге бағамы мен инфляцияға әсер етпей қоймайды.
Осылайша, 2025 жылы доллар бағамы 545,2 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деп күтілуде. Арзан мұнайдан бөлек, көршілес елдердегі экономикалық өсімнің бәсеңдеуі, импорттың өсуі және аймақтағы күрделі геосаяси жағдай теңгенің салмағын төмендетеді. Бұған дейін сарапшылардың бірі, тіпті, доллар бағамының 1000 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деп айтқан болатын.
Инфляцияға келетін болсақ, желтоқсанның соңына қарай ол 8,7 пайыз шамасында тұрақтауы әбден мүмкін. Дегенмен, сарапшылардың пайымдауынша, алдағы 12 айда 5 пайыздық межеге қол жеткізу мүмкін емес. 2025 жылдың желтоқсанында инфляция 9,5 пайыз болады деп күтілуде.
Экономикадағы жоғары инфляциялық тәуекелдер, өз кезегінде, ұлттық банктің монетарлық шарттарды жеңілдетуді жалғастыруына кедергі келтіруі мүмкін. Басқаша айтқанда, баға өсімінің жоғары қарқыны базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермейді. Бір жылдан кейін ол шамамен 14,25 пайыз, яғни 2024 жылдың 29 қарашасына дейінгі деңгейде болады деп күтілуде.
Берілген болжамдар тек ақпараттық сипатта. Оларды инвестициялық шешімдер қабылдауға негіз ретінде қолдануға болмайды. Негізгі міндет – экономикалық процестерді қазақстандықтарға түсіндіру және оларды хабардар ету.
Қарашаның аяғында теңге қатты құлдыраған соң сарапшылардың ұлттық валюта бағамына қатысты болжамы өзгерді. Олар бір айдан соң теңгенің долларға шаққандағы бағамы 524,1 болады деп болжағанын еске саламыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2201196-tengge-ushin-2024-zhyl-10-paiyz-quldyraumen-aiaqtaluy-mumkin/