Top.Mail.Ru

Зектілері

2024 жылы Қазақстанда ақылы жолдардан қанша қаражат түсті

Жарияланған күні:

Ақылы жол (Алматы)
Жол. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда 17 ақылы жолды пайдаланудан түскен кіріс есептелді. Жыл басынан бері 48 млрд теңге жиналған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ ақпаратына сілтеме жасап хабарлайды.

"ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметінің Telegram-дағы парақшасында хабарланғандай, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10-15 пайызға жоғары. Түскен қаражат республикалық жолдарды күтіп ұстауға және арнайы техника сатып алуға жұмсалады.

"Біз өткен жылы 470 бірлік жаңа техника сатып алдық, оның 140-ы ақылы жолдардан түскен қаражат есебінен алынды. Биыл кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен қосымша 380-ге жуық техника сатып алу жоспарлануда", - деді "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Ұлттық компанияның мәліметінше, биыл жөнделген және жаңадан салынған жолдардың жалпы ұзындығы 9 мың шақырымды құрады. 2024 жылы республикалық маңызы бар 600 км жол күрделі жөндеуден өтті. Атап айтқанда:

  • "Қарағанды – Балқаш – Астана";
  • "Атырау – Ресеймен шекара";
  • "Ақтөбе – Қандыағаш";
  • "Талдықорған – Өскемен" бағыттарындағы жол құрылысы аяқталды.

Айта кетейік, бұған дейін "ҚазАвтоЖол" басшысы Дархан Иманашев Астанадағы брифингте сапасыз жол салғандар жазаланғаны туралы мәлімдеген болатын. 2024 жылы мердігерлер төсеген жолдарда 2900 ақау анықталып, қазір соның 2700-і жөнделді.

Сонымен қатар "Ақтөбе-Қандыағаш" автожолының қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, төрт жолақты қозғалыс бағыты ашылғанын еске саламыз. Бұл дәліз Қазақстанды Ресеймен байланыстырып, Астраханға қарай шығуға мүмкіндік береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2202404-2024-zhyly-qazaqstanda-aqyly-zholdardan-qansha-qarazhat-tusti/