2025 жылы теңге мен доллар бағамы қандай болады: экономистердің болжамы
Жарияланған күні:
Экономистер 2025 жылы теңге бағамы мен инфляцияға қатысты болжамдарын жариялады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында сарапшылар валюталар бағамына қатысты динамика қандай болатынын болжап көрді.
- Экономист Бауыржан Ысқақов 2025 жылы доллар бағамы орташа есеппен 495-510 теңге аралығында болады деп болжайды, ал мұнай бағасы барреліне 80-85 доллар болса, Қазақстан экономикасына тиімді болатынын айтады.
- Экономист Ләззат Жанмолдаева 2025 жылы доллардың өсуі қашып құтыла алмайтын құбылыс екенін, бірақ жаздың ортасына қарай теңге бағамы шамалы тұрақтануы мүмкін екенін айтады.
- Экономист Мұрат Қастаев 2024 жылдың аяғында доллар бағамы 550-600 теңге аралығында болады деп болжайды, оған АҚШ-тағы президент сайлауы мен Қазақстандағы бюджет тапшылығы сияқты факторлар әсер етуі мүмкін екенін атап өтеді.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, теңге мен доллардың бағамы әртүрлі факторға байланысты өзгереді.
"Менің ойымша, 2025 жылы доллар бағамы орташа есеппен 495-510 теңге аралығында болады. Егер де осындай болжамды қалыптастыратын болсақ, онда жалпы доллардың мұнай бағасының барреліне долларға шаққанда 80-85 доллар аралығында болса, біздің экономикаға өте тиімді", - дейді ол.
Ысқақов мұнай бағасы бұдан жоғары көрсеткіште болса, теңгенің нығаюына жол ашылады.
"Сол үшін бұл біз үшін ең үлкен фактор. Біздің елдің экономикасы мұнай бағасына тікелей тәуелді болғандықтан, Brent маркалы мұнайдың бағасы ұлттық валюта үшін негізгі фактор. Сол үшін егер бұл дамыған мемлекеттердің сыртқы факторы фонында жүзеге асатын болса, баға саясаты да тұрақты болады деуге негіз бар. Ал баға динамикасына келер болсақ, 2024 жылдың соңына дейін теңге мұнай бағасына және импорт пен экспорт теңгеріміне байланысты тұрақтанғаны белгілі.
Ал 2025 жылы теңге әлсіреуі мүмкін деп есептеймін. Өйткені халықаралық нарықтағы тұрақсыздық бар және тағы бір себебі – Қазақстандағы импорт көлемінің артуы. Сол үшін ұзақмерзімді динамиканың қалыптасуы теңгенің нығаюын және әлсіреуін макроэкономикалық реформалармен тікелей байланыстырамыз. Сол үшін бағаның қалыпты болуы біздегі импорттағы мұнайды тиімді сатуымыз және мемлекет жасап жатқан әртүрлі субсидиялар, жеңілдетілген несие қаржыларының мол бөлінуі де бұған тікелей әсерін тигізеді", - дейді сарапшы.
Оның сөзінше, жалпы алғанда сыртқы факторлардың үлесі өте жоғары болады және бастысы мемлекеттің сол сыртқы факторларды дұрыс қабылдай алуы болып отыр.
Ал экономист Ләззат Жанмолдаеваның сөзінше, 2025 жылы доллардың өсуі – біз қашып құтыла алмайтын құбылыс. Өйткені біздің ел – сыртқа шикізат шығарушы мемлекет.
"Сол шығарған шикізатымызға, сырттан келетін өнімдерге және содан түскен табысқа тікелей тәуелдіміз. Бұл бірінші себебі. Ал екінші жағынан ОПЕК+ мұнайдың бағасы өсуіне немесе түсіп кетуіне және оған геосаяси жағдай ықпал етеді. ОПЕК+ мұнайдың бағасын келісіп түсіріп немесе мұнай өндірісін азайтатын болса, бұл біздің еліміздегі кез келген экономикалық шешімдерге, соның ішінде біз сырттан келетін өнімдерге тәуелді болғандықтан, бұл күтілетін құбылыс", - дейді сарапшы.
Алайда ол 2025 жылдың жазының ортасына қарай біздің елімізде теңге бағамы шамалы тұрақтануы мүмкін дейді.
"Өткенде Ұлттық банктің өкілі доллар бағасы 500 немесе тіпті 600 болса да, бізге әсер етпейді және бұл тек цифрлар деген болатын. Бірақ сарапшы ретінде мен бұл жай ғана "шығарып салу" сөзі емес, олар болашақтағы күтілетін бағамдар дей аламын. Біздің экономикамыз сырттан келетін өнімдер мен инвестицияларға қарай бермей, ел ішінде өндіріс болса, бай-бағландарымыз ел ішіне инвестиция салса, теңгемізді тұрақтандыра аламыз. Осыны 30 жылдан астам уақыттан бері айтып келе жатсақ та, бір нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз", - дейді экономист.
Сондай-ақ ол сыртқа жылыстатылған қаражатты елге қайтарғанда әлеуметтік жағдайға ғана емес, бұл қаражат ел ішінде жұмыс істей алатындай басқа да ірі жобаларға жұмсау керегін айтады.
"Мысалы сол қаражатты мұнай мен газды қайта өңдеу зауытын салып бітіруге жұмсап,осыған атсалысатын болсақ, долларға тәуелділігіміз азаяр еді", - дейді Жанмолдаева.
Экономист Мұрат Қастаевтың болжамына қарағанда, осы жылдың аяғында доллар бағамы 550-600 теңге аралығында болады.
"Оған әсер ететін басты факторларға келсек, сыртқы себептер – АҚШ-та жаңа президент Трамп келіп, мұнай өндірісін күрт арттырып, оның әлемдік бағаларын түсіруі ықтимал. Онсыз да АҚШ дүние жүзінде ең көп мұнай өндіретін ел болып табылады. Сонымен қатар Трамптың экономикалық саясаты АҚШ долларының күшеюіне әкелуі керек", - деді ол.
Ішкі факторларға келсек, сарапшының сөзінше, олардың ең үлкені – мемлекеттік бюджет дефициті.
"Кез келген валютаның күші оның артындағы экономиканың күшін көрсетеді. Ал бюджет дефициті үлкен экономика тұрақсыз болады, себебі жиналған қорлар сол дефицитті жабуға кетеді, және қорлар көлемі азая бастаса, ондай экономика қоры таусылған кезде құлдырауға ұшырайды.
Сонымен қатар бюджет дефициті жоғары болған соң елдегі инфляция деңгейі жоғары болады, яғни теңге құнсызданады, инфляция жоғары болса, базалық мөлшерлеме де жоғары болады, бизнес үшін кредит алу қол жетімділігі азаяды, экономикалық өсу баяулайды. Осының бәрі келген жылы теңгенің күшеюіне мүмкіндік бермейді, сондықтан мәселе тек сол әлсіздеудің мөлшерінде ғана, бірақ жылдың аяғына қарай доллардың көтерілуі ықтималдығы өте жоғары", - деді сарапшы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2207430-2025-zhyly-tengge-men-dollar-bagamy-qandai-bolady-ekonomisterding-bolzhamy/