2025 жылы Қазақстанда паспорт, жүргізуші куәлігі және басқа да құжаттар жасату құны қаншаға өсті
Жарияланған күні:
Қазақстанда айлық есептік көрсеткішпен бірге түрлі құжатты дайындау ақысы қоса өсті. 2025 жылы құжат алу қазақстандықтар қанша ақша төлеу керегін KAZ.NUR.KZ тілшілері анықтап білді.
Қазақстанда мемлекеттік органдардың немесе қызмет өкілдерінің құжат беруіне қатысты заңды әрекеті үшін де ақы төлеу қарастырылған. Оның көлемі республиканың Салық кодексінде белгіленген. Құжат ақысы бекітілген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміне қарай анықталады.
"2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес, 1 қаңтардан бастап АЕК 6,5 пайызға көтеріліп, 3 932 теңгеге дейін өсті. Соған сәйкес мемлекеттік баж салықтарының бәрінің көлемі ұлғаяды.
Жеке тұлғаны куәландыратын құжаттар
Мәселен, Қазақстан азаматының жеке куәлігін алу үшін 2025 жылы 786,4 теңге (0,2 АЕК) төлеу қажет. Ал бір жылда екі немесе одан көп рет жоғалтқан құжатты қайта жасату үшін 1 АЕК немесе 3 932 теңге төлеу қажет болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан азаматтары жеке куәліксіз немесе мерзімі бір айдан көп уақыт өтіп кеткен құжатпен жүргендерге 2025 жылы 7 АЕК немесе 27 524 теңге айыппұл салынады.
Паспорт жасату әркімнің өз еркі. Құжаттың 36 беттігін дайындату 31 456 теңге (8 АЕК), ал 48 беттігін жасату 47 184 теңге (12 АЕК) тұрады. 24 беттік "балалар" паспортының ақысы – 15 728 теңге (4 АЕК).
Шетел азаматтарына Қазақстанда тұру құжатын дайындау 786,4 теңге (0,2 АЕК), ал азаматтықсыз жеке куәлік жасату 31 456 теңге (8 АЕК) тұрады.
Автомобиль жүргізуге арналған құжаттар
Автокөлік жүргізушілер үшін түрлі құжаттарды рәсімдеу ақысы да артты. Мысалы, жүргізуші куәлігі 2025 жылы 4 915 теңге (1,25 АЕК) тұрады. Автокөлікті мемлекеттік тіркеуге қою туралы куәлік алу үшін де сонша төлеу қажет болады.
Автомобильдің мемлекеттік тіркеудегі нөмірін алу ақысы 11 009,6 теңге (2,8 АЕК) деп белгіленді. Нөмірдің екі дубликатын алу үшін әрқайсына 5 504,8 теңгеден (1,4 АЕК) төлеу қажет.
Айлық есептік көрсеткіштің көтерілуіне байланысты соған тәуелді басқа да мемлекеттік баж салығы артты. Соның ішінде нотариалдық әрекеттер мен басқа да құжат рәсімдеу ақысы көтерілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2208279-2025-zhyly-qazaqstanda-pasport-zhurgizushi-kualigi-zhane-basqa-da-quzhattar-zhasatu-qansha-turady/