"255 мың теңге деген талап жоқ": мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері мобильді аударымды бақылауға қатысты түсінік берді
Жарияланған күні:
![Мобильді аударымдар Мобильді аударымдар](https://cdn.nur.kz/images/1200x675/74cb478dbb54f513.jpeg)
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері мобильді аударымдарға қатысты қоғамда туындаған кей сұрақтарға жауап берді. Салық органдары мамандары Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, мобильді аударымдардың нақты қалай бақылауға алынатынын айтты. Сондай-ақ 255 мың теңгеден асатын аударымдар туралы түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жеке тұлғалардың кірісін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлының айтуынша, мобильді аударымдарды бақылау елімізде көлеңкелі экономиканы, көлеңкелі бизнеспен айналыстаны тұлғаларды анықтауға бағытталған.
"Мобильді аударым – жеке тұлғаның өзінің жеке қажеттілігіне, кәсіпкерлік қызметке арналмаған бірақ салықтандыруға жатпайтын мобильді аударымы. Бірақ кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару мақсатында мобильді аударымдарды көп пайдаланып кетті. Осындай тұлғаларды анықтап, өз кірістерінен салық төлеуді міндеттеу үшін және дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлғаларды тіркету мақсатында мобильді аударымдарды бақылау жүзеге асырылып жатыр", - дейді комитет өкілі.
Осы тұста маман бақылауға алудың негізгі өлшемшартын еске салды.
"Оның негізгі өлшемшарты – ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғалардан үш ай қатарынан мобильді аударма алса, есепшот назарға ілінеді. Бұл жерде ескеретін жайт – 100 аударым емес, 100 түрлі адамнан күнтізбелік ай ішінде үш ай қатарынан (мысалы қаңтарда 100 түрлі адам, ақпан айында 100, наурыз айында 100 түрлі адамнан) мобильді аударым сіздің есепшотыңызға келіп түссе, сонда ғана ол назарға ілінеді", - деп түсіндірді салық органы қызметкері.
Одан кейін комитет өкілі қоғамда талқыланып жатқан 255 мың теңгеден асатын мобильді аударымдар туралы түсінік берді.
"Қаржы министрлігі тарапынан 255 мың теңге деген шек қою ұсынысы берілді, ол көп талқыланып жатыр. Ел түсінбей жүр, 255 мың теңгеден асса болды, бақылауға алына ма деп ойлайды. Жоқ, олай емес, өлшемшарт сақталады, яғни, 100 түрлі адамнан ай сайын үш ай қатарынан мобильді аударым қабылданса, және олардың жалпы сомасы 255 мыңнан асса ғана назарға ілінеді. Оның негізгі мақсаты - өте төмен сомадағы мобильді аударым қабылдайтын (мысалы 100 теңгеден қабылдайтын адамдар) тұлғаларды бақылаудан алу. Себебі кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, егер тұлға екі еселенген ең төменгі жалақыдан аспайтын пайда тапса, дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Осы норманы аттап кетпеу мақсатында Қаржы министрлігі тарапынан берілген ұсыныс болатын. Қазіргі таңда бұл норма күшінде емес, яғни, 255 мың деген жоқ. Ол әлі Ұлттық банкпен келісу сатысында. Қазір негізгі өлшемшарт – ай сайын 100 түрлі тұлғадан үш ай қатарынан мобильді аударым алу", - деді Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2209799-255-myng-tengge-degen-talap-zhoq-memlekettik-kirister-komiteti-okilderi-mobildi-audarymdy-baqylauga-qatysty-tusinik-berdi/