Қазақстан қазіргі уақытта 110 елге қарыз
Опубликовано:
Қазақстан қазіргі уақытта 110 елге қарыз. Мемлекет берешек елдердің ішінде көш бастап тұрғаны - АҚШ, Ұлыбритания және Ресей.
Ең сорақысы, шенеуніктердің өздері дүниежүзі картасынан тауып бермек түгілі, өмірі атын естіп көрмеген ұсақ аралдарға да біз қарыз екенбіз. Мәселен, Джерси аралына 34 миллион, Сейшел аралдарына 335 миллион, Кайман аралдарына 447 миллион доллар қарыз. Мемлекеттің қарызын әр азаматқа шаққанда 7600 АҚШ долларынан келеді.
Саясаткер Әміржан Қосанов "Ұлттық қорымызда 85 миллиард доллар бар. Неге біз шет елден қарыз аламыз. Қордағы ақшаны өзіміз пайдаланып, өндіріске, инвестицияға, инфрақұрылымға неге жұмсамаймыз, осының бәрі қайтып келеді", - деген пікір білдірді.
Қазақстанның сыртқы қарызы 2010 жылы 118 миллиард 226 миллион долларды құраса, бұл көрсеткіш 2011 жылы 123 миллиард 800 миллион доларға жеткен. Ал, биылғы жылдың 1-тоқсанында сыртқы қарыз көлемі 129 миллиард доллардан асып, 5,4 миллиард долларға көбейген.
Нақтырақ айтар болсақ, сыртқы қарыздың 5 пайызға жуығы ғана мемлекеттің өз қарызы. Ал, қалған 95 пайызы - мұнай-газ, метталлургия саласындағы компаниялар мен банктердікі. Тіпті, жеке өзі миллиондаған доллар шетелден қарыз алған азаматтар да бар екен.
БОЛАТ ЖӘМІШОВ, ҚР Қаржы министрі:
- Қазіргі таңда шет елден қарыз алатындар қандай да бір қаржы институтынан алады. Осы қаржы құрылымдардың бір бөлігі офшорлық аймақтарда, соның ішінде аралдар да тіркелуі мүмкін. Қаржылық институттар офшорлық аймақтарда тіркелгенімен, оларға қатысты қиындықтар жоқ.
Қаржы министрі Болат Жәмішов мамыр айында Парламент мәжілісіне бас сұққанда, депутаттар өре түрегеліп, сыртқы қарыздан тезірек құтылу керек деп, министрді қыспаққа алғаны бар. Тіпті, халық қалаулылары 2020 жылға дейін сыртқы қарыздан құтылу үшін, арнайы заң жобасын дайындау қажет деген еді.
Алайда, Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк тарапынан берілген жауапта, жалпы қарыздың 5 миллиард доллардан астамы ғана мемлекеттің тікелей қарызы екендігі айтылды. Қалғаны банк секторы мен өзге жеке компаниялардың еншісінде. Десек те, қарыз алған компаниялар банкротқа ұшыраса, оның сұрауы кімнен болмақ?
Сол компаниялардың ішінде мемлекеттік үлестің де бар екенін министр ұмытқан сияқты. 40 пайыз, 60 пайыз, 50 пайыз мемлекеттің үлесіндегі компаниялар. Судың да сұрауы бар деп, ертең қарызды қайтар дегенде, мемлекеттің де қосымша жауапкершілігі болады.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов: "Сыртқы қарыз ЖІӨ шаққанда 66 пайызға тең келгендіктен, билік жайбасарлық танытып отыр. Еліміздегі қаржы институттарының қарыздарын дер кезінде қайтаруын мемлекет қадағалауы тиіс" дейді.
Оның айтуынша, ЖІӨ-нің басым бөлігі мұнай-газ секторынан түскен пайдаға негізделгендіктен, мұнайдың бағасы құлдырап кетсе, аяғымыз аспаннан келмек. Экспорттың 60 пайызға жуығы мұнай-газ секторының еншісіне тиіп, ел бюджеті тікелей мұнайға тәуелді болып тұрғанда, бұл сөздің жаны бар.
ҚР Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов "Мұнайдың, газдың, мыстың, уранның шығып жатқан құны айналдырған 10 миллион қазаққа бұйырмай, басқаларға бұйырып жатқанына наразымын", - деп ағынан жарылды.
Мамандар: "елдің сыртқы қарызы ғана емес, шикізат көзінен түскен пайда мен ел капиталының сыртқа кетуі де өзекті мәселеге айналып отыр" дейді.
Саясаттанушы Айдос Сарым сыртқы инвестиция бүгінгі дерек бойынша 120-130 миллиард долларды құрағанымен, есесіне соңғы 10-15 жыл көлемінде 140 миллиардқа жуық ақша қашып кеткенін айтады.
Сарапшылардың пікірінше, ең өзектісі шет елдік инвесторлар әкетіп жатқан қаржымен қатар, қазір отандық кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері де өз капиталдарын сыртта ұстауға мүдделі. Олар шет елден миллиондаған долларға жылжымайтын мүлік сатып алып қана отырған жоқ, сол елдердің экономикасына қаржысын салуда.
Сол себепті, "Қазақстанның екі астанасы бар. Батыста Лондон, оңтүстікте Дубай" деген, әзіл болса да ащы, ащы болса да ақиқат айтылуда. Ал, қайткенде қазақтың байлығы мен қаржысын елде қалдырамыз, халықтың игілігіне қашан жұмсаймыз деп бастары қатқан қоғам өкілдері, сыртқа ағылған капиталды тоқтатудың жолын іздеп әуре.
Сондықтан жазушы Дулат Исабектовтың шет елге ақша жібергенде, 1 миллион доллардан асса, Парламент арқылы жіберу керек деген ұсынысының жаны бар сияқты.
Экономикалық құбылыстардың негізгі реттеуші тетігі - Үкіметте. Сондықтан, Сыртқы қарыз бен сыртқа қашқан ақшаға шектеу қоятын мезгіл әлдеқашан жетті деген қоғамның жанайқайына жауап берілетін уақыт жетті. Әйтпесе, Қазақстанның 98-жылдардағы Оңтүстік Корея сияқты аймақтық дағдарыс ошағына айналып кетуі ғажап емес.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/233692-kazakstan-kazirgi-uakytta-110-elge-karyz/