Қазақстанның сыртқы қарызының әсері халық үшін қандай болмақ?

Опубликовано:

Дамушы елдерге экономикалық өсімді жеделдету үшін инвестициялар қажет, бірақ оған елдегі ресурстар жеткіліксіз, сол себепті сырттан қарыз алуға мәжбүр.

Сыртқы ресурстар жаңа тәуелсіз ел атанған Қазақстан үшін де керек еді. 1992 жылдан бастап еліміз шет елдік инвестиция мен сырттан жәрдем және түрлі қарыз ала бастады. Сыртқы қарыз көмегімен елде үлкен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік туды.

"Модерн мемлекет" түсінігінде мемлекет шығындарының ұдайы арта түсетіндігі үйлесімді. Осыған байланысты артқан шығындарды қалай және қандай қаржы көздері арқылы қамтамасыз етеміз деген сұрақтар туындауда. Қаржы теориясы бойынша бұл шығындарды салық және сол тәріздес қаржы көздерінен алу көзделеді. Бірақ та бұл қаржы көздері жеткіліксіз болғанда сырттан ресурстар тартуға яғни қарыздануға мәжбүрлік туындайды. Дамушы елдерде құрылымдық мәселелерге байланысты ішкі қарыз көздері жоқтың қасы.

Ел мынадай себептерге байланысты қарыз алады: бюджет жетіспеушілігін жабу үшін, экономикалық өсуді қамтамсыз ету үшін, импорт тауарлар алуға, реформа жүргізуге немесе үлкен жобаларды жүзеге асыру мақсатында. Мемлекеттік қарыз мемлекеттік қаржы алудың үшінші көзі болып табылады.

Жалпы сыртқы борыштың негізгі өсуі

Қазақстан ұлттық банкі мәліметтері бойынша 2011 жылғы берешек 125,2 миллиардтан асып, 2012 жылдың үшінші тоқсаны көрсеткіштері бойынша 134,9 миллиардқа өскен. Соның ішінде есепті жылы қысқа мерзімді борыш - 15,1 %-ға – 10,6 миллиард долларға, ұзақ мерзімді борыш - 7%-ға – 124,2 миллиард доллларға өсті.

2012 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы  бойынша мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген борыштың үлесі 4,1%-ға өсті немесе 5,5 миллиард долларды құрады. Қазақстаннның банк секторының міндеттемелері 2012 жылы 0,578 миллиард долларға қысқарып, 14,02 миллиард доллларды құрады. Фирмааралық берешек жалпы соманың 48,8  %-ын немесе 65,8 миллирад долларды құрады, өсім – 5,5 миллиард долларға жуық.

Республикада жалпы сыртқы борыштың өсу үрдісі сақталуда, 2012 жылдың үшінші тоқсанында оның көлемі 134,9 млрд. долларды құрап, ЖІӨ-ге шаққандағы оның үлесі 67,3% болды, бұл ретте оның шекті мөлшері халықаралық стандарттарда қабылданған шамадан  7,3%-ға  асып  кеткен.  Жалпы  сыртқы  борыш  құрылымында  басқа секторлардың  қарызы  басым  болып  отыр.  2012  жылдың  аяғында  олардың көлемі 129,3 млрд. долларды немесе жалпы борыш көлемінің 95,5%-ын құрады.

Жалпы сыртқы борыштың басым бөлігін Қазақстан резденттерінің резидент еместердің алдындағы фирмааралық берешегі құрайды. Фирмааралық берешекке акцияны сатып алуды, акционер емес кәсіпорындардың жарғылық капиталына жарнаны салу және қайта инвестицияланған пайданы қоспағанда республикаға келген барлық тікелей инвестициялар кіреді.

Жан басына шаққандағы сыртқы қарыз көлемі шет мемлекеттерде қаншалықты тәуелді екенін көрсететін көрсеткіш болып табылады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 8001 АҚШ доллары.

Сыртқы қарыздың ең маңызды көрсеткіші - cыртқы қарыздың Жалпы Ұлттық Өнімге  қатынасы. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш 67,3% көрсетуде.

Бұл көрсеткіш халықаралық нормадан  7,3% артық және бұл орта мерзімде сыртқы қарыз бойынша төлемқабілеттіліктің қауіпті деңгейде екендігін көрсетеді. Осы тәуекелділіктің деңгейін есептеу үшін басқа да көрсеткіштерге назар аударуымыз керек. Сыртқы қарыздың тауарлар және факторлық қызмет экспортының  қатынасы бұл көрсеткіш бойынша 139,5%, басқа сөзбен айтсақ Қазақстанның сыртқы қарызды төлеуқабілеттілігінің жоғары деңгейде екендігін көрсетеді.Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін тағы бір көрсеткіш қысқа мерзімдік сыртқы қарыз көлемі. Бұл көрсетіш қалыпты жағдайда яғни 5,3%.

Тағы бір маңызды көрсеткіш бұл елдің халықаралық резервтерінің өтеу мерзімі бойынша қысқа мерзімді сыртқы қарызға қатынасы 115,6. Бұл дегеніміз қысқа мерзімде төлемқаблеттіліктің жоғары екенін көрсетеді.Экономикалық анализге назар аударсақ,  сыртқы қарызға қызмет көрсету ұлттық экономикаға қауіп төндірмейтіндігін көрсетеді. Елдің жиынтық сыртқы қарызының едәуір бөлігі мемлекет кепілдендірмеген, жекеменшік сектордың борышы, соның ішінде фирмааралық берешек алып отыр.

Борыштың бұл бөлігі несиелік капиталдың сыртқы рыноктарында экономикалық субъектілердің кредиттік өзара қатынастарының кеңеюімен байланысты. Фирамааралық берешек Қазақстанда жұмыс істеп тұрған еншілес кәсіпорындарға шетелдік бас компаниялар мен фирмалар тарапынан берілген кредиттер бойынша өзара қатынастарды білдіреді.

Қазақстан сияқты дамушы ел сырттан алған қарыз шарттары экономикалық қалпына сай және ұзақ мерзімде экономикалық тепе- теңдікті бұзатын жағдайларға әкелмеуін қадағалау керек. Сырттан алынған қарыз алдыңғы қарызды жабуға емес экономикалық өсуді қамтамасыз ететін жобаларға салынуын қадағалау керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/247751-kazakstannyn-syrtky-karyzynyn-eseri-halyk-yshin-kandaj-bolmak/