Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда өтемақыны азсынған тұрғындар шу шығарды

Опубликовано:

Жаңа жол салу жұмысы жұрттың жаппай наразылығын тудырды. Алматыда атышулы Барахолка сүріліп тасталып, оның үстіне 10 жолақты жаңа күрежол түседі деп жоспарланған деп хабарлайды КТК арнасы.

Сызбасы дайын, құрылысы басталыпты. Бірақ дәл сол трассаның бойында ондаған жер бар. Оларды да сүріп тастау жөнінде шешім шыққан. Бірақ жұрт өтемақыны азсынып отыр. Атқамінерлерге сөзі өтпеген тұрғындар бүгін күрежолдың бойына шықты.

Көлік кептелісінен көз ашпайтын Алматыға жаңа жол салынады деген ақпарды ел алақайлап қарсы алады қашанда. Бірақ өртеніп, қиратылып құты қашқан Барахолканың маңындағы жұрттың көңілі күпті.

Өйткені жаңадан түсетін 10 жолақты күрежолды салу үшін базардың бір бүйірімен қоса 40-қа жуық үйді сүріп тастау керек. Бас жоспарға халық қарсы тұра алмайды. Бірақ төленетін өтемақыға қарындары ашып отыр.

"Cендер сотқа берем, анау-мынау десеңдер, бұдан да аз береді. Бармаңдар, деп бізді қорқытып қол қойыңдар деді. Және 1 айдан соң үйде босат деп отыр. Қайда барамыз? Тұратын бір үйіміз болмаса?", - деді Алматы қаласының тұрғыны Сұлтан Қадыров.

Орта есеппен алсақ қиратылған үй мен қайтарылар жерге берілетін ақысы былай, жердің әр сотығына 7 мың доллар, үйдің шаршы метріне 800 доллардан.

Дегенмен жұрт мұны жұғын көрмей отыр.

"Қаланың сыртына кетіп сол жақтан үй салыңдар дейді. Мен жасым ұлғайғанда қайтадан суға төлеп, қайтадан газ орнатып бармаймын да ол жаққа. 10 жолақты трассаның жолында 79 меншік иесі бар екен. Соның тек 9-ы тұрған жерлерін тастап кетуге келіскен", - деді Алматы қаласының тұрғыны Гүлнар Бердіқұлова.

Ені 130 метр болатын күрежол үшін сүрілетін тамдардың нарықтық бағасын тәуелсіз компаниялар бағалады деді шенділер. Ал жұрт ұсынғанға көнбесе сот арқылы желкелеп шығармақ.

"Тәуелсіз бағалау компаниялары арқылы жұмыс жүргізіледі. Бұл мемлекеттің пайдасына керекті жерлер ғой, алып қою жұмыстары сол үшін жүргізіліп жатыр. Мұның нақты уақыты бар ғой. Егер сол уақытқа дейін екі жақ келіспесе әрі қарай сотқа береміз. Сот арқылы шешілетін іс", - деп түсіндірді Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Аман Әбдіраманов.

Алматының бейресми брендіне айналған Барахолканың қазіргі күйі міне адам аярлықтай. Тас талқан болған құрылыстың қалдықтары тау-тау болып үйіліп жатыр.

Мемлекеттің қажеттілігі үшін делінгенмен жерлеріміз бен оған тұрғызылған тамдарымызға төленетін өтемақысы өте аз деген жұрт міне базардың тура қарсы бетінде тұрады. Бел кеткенше беріспейміз деген жұрт егер де табан тіресіп тұрып алсақ дәл осы базардың күйін кешемізбе деп қауіптенеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/318016-almatyda-otemakyny-azsyngan-tyrgyndar-shu-shygardy/