Енді көлік салығын халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тексертуге болады
Опубликовано:
ХҚКО РМК Астана қаласы бойынша филиалы Салық департаментімен бірлескен түрде қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының базасында "пилоттық" жобаны іске асыруда деп жазады Baq.kz. Оның шеңберінде инспекторлар көлік құралының иесінде салық берешегінің болуын тексере алатын болады.
Айта кетейік, бұрын мұны тек Астана қаласының Салық департаментінің қызметкерлері ғана жасайтын. Қызметтің бұл түрі азаматтарды көлік құралдарына салық төлемін растау үшін салық органдарына барып сарылудан құтқарады. Сонымен қатар, қызмет көрсету уақытын да қысқартады.
"Жобаны енгізудің басты мақсаты – қызмет көрсету сапасын жақсарту және оны алудың уақытын үнемдеу. ХҚКО инспекторлары салық органының интеграцияланған жүйесіне қолжетімділік алды. Әзірге бұл жоба Астана қаласында ғана іске асырылады. Болашақта осындай мамандандырылған ХҚКО-лар барлық қалаларда қолданылатын болады", - дейді "ХҚКО" Республикалық мемлекеттік кәсіпорынының бас директоры Мұрат Айтуғанов.
Айта кетейік, Астана қаласы бойынша Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы 2013 жылғы қыркүйекте Елбасының автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру функцияларын ХҚКО қарамағына беру жөніндегі тапсырмасының аясында іске қосылды.
Бүгінгі күні Астана қаласы мамандандырылған ХҚКО күніне орташа есеппен алғанда 500 – 700 адамға қызмет көрсетеді. Сегіз ай ішінде астаналық мамандандырылған ХҚКО-да 12 910 жүргізуші куәлігі берілді, 89 910 автокөлік құралы тіркелді.Осы іспеттес мамандандырылған ХҚКО-лар Алматы, Қарағанды, Тараз және Ақтау қалаларында жұмыс істеуде. Енді 2015 жылдың басына қарай Қызылорда, Петропавл, Павлодар және Талдықорған қалаларында осындай 4 ХҚКО-ны іске қосу жоспарланып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/330576-endi-kolik-salygyn-halykka-kyzmet-korsetu-ortalyktarynan-teksertuge-bolady/