Алматы метросы әуежай мен "Қалқаман" ықшам ауданына дейін қатынамақ
Опубликовано:
Алматы метрополитені әлемнің ең қауіпсіз жер асты көліктерінің қатарында. Келер жылы ашылатын қос бекетке поляк мамандары теңдесі жоқ құрылғы орнатпақшы.
Енді метроның жоғарғы жақ бетінде монолит темірбетон негіздемеде, шпалсыз рельс қолданылатын болады деп хабарлайды Алматы арнасы.
Шілденің шіліңгірінде "Мәскеу" станциясында орын алған алапат апат әлі күнге дейін көптің есінде. Қалалық шенділер осыған байланысты Алматы метрполитенінде қосымша қауіпсіздік шараларын қолға алуды жөн санаған. Тіптен арнайы Польшадан мамандар шақырылды. Вагонның рельстен өздігінен шығып кетпеуі үшін монолит темірбетон негіздемеде шпалсыз рельс қолданылатын болады.
"Алматы метрополитеніне енгізілетін бұл жүйе Еуропа жерасты жолдарында кеңінен қолданылады. Шетелдік әріптестеріміз метроны қауіпсіз көлік түрінде әлемге таныту үшін аянбай еңбек етуде. Енді Алматы қаласындағы метро да сол санатта болады деген үміттемін", - деді "Метропроект" ЖШС бөлім жетекшісі Павел Московчук.
Ал "Метрополитен" мекемесінің директоры Айдын Оразханов қазір қаланың батыс жағына құрылыс жүргізіліп жатқанын айтқан.
"Батысқа қарай 6 бекет салынады. Бірінші кезекте соны бітіреміз. Жылдың басында тағы екі бекет қосамыз. Мұнымен іс тоқтамайды", - деді ол.
Польшадан Алматыға ат басын тіреген мамандар вагондардың жер астындағы күрделі жолайрықтармен жүруін қамтамасыз етеді. Нобайын сызып, апатты жағдайлардың орын алмауын қадағалайды.
Мұндай жүйе арқылы, енді метро вагондары дыбыссыз қозғалады. Сондай-ақ, жер үстінде орналасқан ғимараттар мен үйлер метро қозғалысын тіптен сезбейтін болады.
"Біз өз мемлекетімізде мұндай 26 жерасты жолайрығын құрдық. Сондықтан құрылымның қауіпсіздігіне 100 пайыз кепілдік бере аламыз. Сондай-ақ, ұзақ уақыт қызмет етеді", - деді мердігер компанияның өкілі Томаш Шуба.
Алдағы жиырма жылда Алматы метрополитені әуежай мен "Қалқаман" ықшамауданына дейінгі аймақты қамтитын болатын. Жолдың жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрап, тіптен қала сыртындағы кішігірім кенттерге дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.
Бүгінде жерасты жолында 7 бекет жұмыс істесе, қаңтар айында сынақтан өткізілетін "Мәскеу" мен "Сайран" станциясы да халық игілігіне беріледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/342785-almaty-metrosy-euezhaj-men-kalkaman-yksham-audanyna-dejin-katynamak/