Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада ЭКСПО-2017 қарсаңында ашылатын туристік маршрут ақысы 34 мың теңге болады

Опубликовано:

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында әзірленген "Түнгі Астананың оттары" туристік маршрутын 3 мыңнан 5 мың адамға дейін пайдаланады.

Бұл туралы "Елордадағы ең үздік туристік маршрут" байқауының жеңімпазына сертификат тапсыру барысында "CompleteService" халықаралық туристік компаниясының Астанадағы филиалының директоры Гүлназ Омарова хабарлады.

"Біз әзірлеген бірнеше маршруттың бірі – "Түнгі Астананың оттары" ЭКСПО компаниясы үшін ең үздіктердің бірі ретінде таңдалып алынды. Біздің қаламыздың өзі де ерекше ғой. Біздің маршрутымыз тарихи қаладан бастау алады, өйткені дәл осы жерде жаңа елорда дүниеге келген. Маршрут Астанаға алғаш келе бастаған туристердің ең көп қызығатын жері – жағалаудан басталады. Одан кейін көпір арқылы жалғасқан маршрут қазіргі заманғы жаңа қала – сол жағалауға ойысады", - деді ол.

Оның айтуынша, маршрут барысында туристерге кешкі ас та берілетін көрінеді.

"Аталған маршруттың құны 34 мың теңгеден басталады. Біз бұл маршруттың жазғы және қысқы түрлерін әзірдік. Бағасы неге мұндай дерсіздер? Оның себебі маршрут барысында кешкі ас ұсыну қарастырылған, ол фуршет түрінде ұсынылады. Көп адамдар жұмыстан жаңа шыққандықтан, тамақ ішіп үлгермейді, сондықтан да біз бұл турға арнайы кешкі асты қостық", - деп түсіндірді Гүлназ Омарова.

Бағасы неге мұндай дерсіздер? Оның себебі маршрут барысында кешкі ас ұсыну қарастырылған, ол фуршет түрінде ұсынылады

Сонымен бірге "Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясының" Туризм департаментiнiң директоры Аниса Бердина мен Қазақстан туристiк қауымдастығының президентi Роза Асанбаеваның хабарлауынша, қазiргi уақытта арнайы комиссия үш турпакеттi iрiктеп алған.

"Астананың түнгi жарығы" атты тур Есiл өзенi бойымен басталады. Туристер кемемен түнгi елорданы шолып өтiп, кейiн автобуспен қаланы аралайды. Тур Бейжiң сарайының шатырында орналасқан айналмалы мейрамханада, түнгi Астана жарығын тамашалаумен аяқталса, "Ел жүрегi - Астана" турында елорданың ең көрiктi жерлерi көрсетiледi. Онда ескi қаланы да, жаңа қаланы да аралай жүрiп, Астана тарихы баяндалады.

"Жас елорда. Бурабай аңыздары. Заман сабақтастығы" атты турда бас қаламыз - Астана, жердiң көркi - Бурабай көлi қамтылады, олармен сабақтасып жатқан тарих пен ұлттық аңыз ұсынылады", - дейдi РАсанбаева.

Оның сөзiне қарағанда, оларды таңдау барысында туристiк пакеттердiң сапасына мән берiлген. Сонымен қатар, қарапайым халықтың қолы жететiндей, турларды арзандату бойынша жұмыстар атқарылмақ.

Бүгiнгi таңда жоғарыда аталған Астана бойынша екi күндiк туристiк турдың бағасы 20 мыңнан 45 мың теңгеге дейiн жетедi. Бұл бұдан әрi арзандатыла беретiн болады.

"Компаниялар ұсынған түрлi туристiк турларды әлi де таңдайтын боламыз. Олар туристердiң сапарын, жатын жерiн қамтитын болады. Олардың ұзақтығы 1 күннен екi аптаға дейiн жалғасуы ықтимал. Екi апталық турлар тек, Астана қаласымен шектелiп қана қоймайды, сонымен қатар өзге де өңiрлердi аралауға да мүмкiндiк бередi. Елорда маңындағы ауылдарда этнотуризмге ден қойған отбасылар бар. Соларға сапарлайды, қымыз iшiп, қазақ дәстүрiн көре алады. Мұндай ұлттық нақыштағы сапарларға шетел туристерi ынтызар болатыны сөзсiз", - дейдi Асанбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/344292-astanada-ekspo-2017-karsanynda-ashylatyn-turistik-marshrut-akysy-34-myn-tenge-bolady/