Алматы-Ыстық көл жолының ұзақтығы 280 шақырымды құрайды

Опубликовано:

Алматы-Ыстық көл жаңа бағыты бұрын болған 480 шақырым жолдың орнына 280 шақырымды құрайтын болады деп хабарланды ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының сайтында.

Қазақстан президенті өзінің Қырғызстанға  барған іс-сапары барысында, «Алматы-Ыстық көл» автомобиль жолының құрылысы жөнінде шешім қабылдады.

Аталған тапсырманы орындау аясында, «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Қырғызстанның Көлік және коммуникация министрі А.Д. Малабаевпен кездесу өткізді.

Оның нәтижесінде, аталған жобаны жүзеге асыруға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Қырғызстанның Көлік және коммуникация министрлігі және жобалау ұйымдары өкілдерінің қатысуымен екіжақты жұмыс тобы құрылып, болашақ тас жолға алғаш тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша бағыттың ең қолайлы жолы анықталды, ол «Алматы-Ұзынағаш-Қастек-Қарасай батыр-Ыстық көл» бағыты бойынша жүретін болады.

Қазақстан аумағы бойынша Ұзынағаштан Қастек ауылына дейінгі 42 шақырымды құрайтын бұрын болған жолды қайта жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұдан әрі ұзындығы 47 шақырым болатын жаңа жол құрылысы қажет.

Жоспарланған жол теңізден 2 640 метр жоғары орналасқан, төңірек бедері қиын, серпантин бойынша шұғыл өрден өтетін Жаңа Қастек асуы арқылы өтетін болады. Асудан жүріп өткеннен кейін бағыт Еңбек және Қарасай батыр (бұрыңғы Михайловка а.) шекаралық ауылдары арасымен өтетін болады. Ол жерлерде 5 мыңға жуық адам тұрады.

Жалпы алғанда, Алматы-Ыстық көл жаңа бағыты бұрын болған 480 шақырым жолдың орнына 280 шақырымды құрайтын болады. Аталған бағытты таңдау Еңбек және Қарасай батыр ауылдарын Алматы қаласымен байланыстыруға мүмкіндік береді, ол аталған өңірдің дамуына оң ықпал етеді.

Бұдан бұрын айтып өткеніміздей, ағымдағы жылдың 12 тамызында Еуразиялық экономикалық одағының келісімшартына Қырғызстанның қосылғандығы туралы келісім шарт күшіне енді. Қырғызстан енді Армения, Беларусия, Қазақстан және Ресей сияқты одақтың толыққанды мүшесі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/854531-almaty-ystyq-kol-zholy-280-shaqyrymdy-qura/