Қаржы

Зектілері

Құрбан шалу үшін қарыз алуға бола ма

Жарияланған күні:

құрбан шалу
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Петр Карандашов

ҚМДБ өкілі Батыржан Мансұров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құрбан шалу мақсатында біреуден қарыз алуға бола ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

ҚМДБ төрағасының кеңесшісі Батыржан Мансұровқа құрбан шалу үшін қарыз сұрауға бола ма деген сауал қойды.

"Қарыз алып құрбан шалу міндет емес. Өйткені, құрбан шалу үшін адамның жағдайы болуы керек. Жағдайы бар адам ғана құрбандық шалады, ал енді жағдайы келмейтін адам қарызданып құрбан шалуға міндетті емес. Алайда осы күндері құрбандықтың сауабынан құр қалмайын, мен де құрбан шалайын деген мақсатта қарыз алса, ол болады. Бірақ, өзінің жағдайы келетін шамада болуы керек", - деп жауап берді Батыржан Мансұров.

Сонымен қатар Батыржан Мансұровтың айтуынша, құрбан шалудың орнына мал құнындай садақа беруге болмайды. Өйткені, құрбан шалудағы мақсат - қан ағызу.

"Құрбандық кезде құрбан шалудағы мақсат - қан ағызу. Сондықтан, құрбан шалған кезде таңдаған малыңызды көрсетілген уақытта, үш күннің ішінде шалу міндет. Садақа ретінде құрбандық қаражаты жүрмейді. Ал одан тыс берілген садақа бұл күндері беріле береді. Жалпы мына Зуль-Хиджа айы қасиетті күндері қосымша садақа бере береміз. Бірақ құрбан айт кезінде (құрбандыққа шалынатын малдың - ред.) қаражатын садақа етіп бере алмаймыз. Құрбандық шалу бізге уәжіп", - деп түсіндірді ҚМДБ өкілі.

Сондай-ақ Батыржан Мансұровтың сөзінше, 85 грамм алтыны бар немесе сол алтынның құнына тең қаражаты бар, яғни қазіргі сомамен есептегенде 1 400 000 теңгесі бар кісі құрбан шалуы міндет.

"Бірінші, құрбан шалу балиғат жасына жеткен, ақыл-есі бүтін мұсылман болуы керек. Екінші, Құрбан айт күндері жолаушы болмауы керек. Үшінші, нисап мөлшеріне жететін қаражаты болуы керек. Яғни, нисап мөлшері дегеніміз - шариғатта ол 85 грамм алтын. 85 грамм алтынның құнына тең келетін қаражатпен есептегенде бүгінгі күнімізде 1 400 000 теңгесі бар кісі құрбан шалуға міндет", - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚМДБ Құрбан айт мерекесіне байланысты баспасөз брифингін өткізіп, құрбан шалу ережесін түсіндіргені туралы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2026413-qurban-salu-usin-qaryz-aluga-bola-ma/