Қаржы

Зектілері

Астана халықаралық форумын өткізуге қанша қаражат жұмсалады: вице-премьер жауап берді

Жарияланған күні:

Серік Жұманғарин
Серік Жұманғарин. Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астана халықаралық форумын өткізуге қанша қаражат жұмсау көзделіп отырғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттіктің жазуынша, бүгін сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер бюджет қаражатын үнемдеуге қатысты сұрақ қойған. Бұл тұрғыда түрлі форумдарды шектеу мәселесі көтерілген.

Өз кезегінде Серік Жұманғарин алдағы уақытта ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумының тарихы 2008 жылдан басталғанын айтқан.

"Осыған дейін коронавирус кезінде екі жыл өткізбедік және былтыр су тасқынына байланысты бір жылға тоқтаттық. Бірақ бұл ауқымда іс-шара Қазақстанның визиттік картасы десек болады. Мұндай форумдар керек, себебі елімізге өте танымал, салмақты және белсенді адамдарды әлем мемлекеттерінен тартады. Президенттер, ірі бизнес өкілдері келеді. Олар Қазақстанның әлеуетімен танысып, қаражат салады. Сондықтан форумды ұйымдастырамыз", - деді үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, аталған форум негізінен демеушілер қаражаты есебінен өткізілмек. Яғни демеушілер қаражаты жетсе, бюджеттен ақша бөлінбейді.

"Мүмкіндік болса, оған бюджет қаражаты мүлдем жұмсалмайды. Жалпы, форумды өткізуге 4,5 млрд теңге жетеді. 1,5 млрд теңге бюджеттен бөлінуі ықтимал, ал қалғаны демеушілер есебінен жүзеге асырылады", - деді Серік Жұманғарин.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін былтыр су тасқынына байланысты өтпей қалған Астана халықаралық форумы биыл өтетінін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2218496-vitse-premer-zhumangarin-astana-halyqaralyq-forumyn-otkizuge-qansha-qarazhat-zhumsalatynyn-aitty/