2025 жылы Қазақстанда қандай жолдар салынып, жөндеуден өтеді
Жарияланған күні:

Көлік министрлігі 2025 жылы елімізде қандай жолдар салынып, жөндеуден өтетінін мәлім етті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, биылғы жол құрылысы маусымында 13 мың шақырым жолда құрылыс пен жөндеу жұмыстары басталады. Атап айтқанда, ұзындығы 2,2 мың шақырым жол құрылыс және қайта жаңарту, 6,6 мың шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Сонлдай-ақ жергілікті маңыздағы 4,2 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.
Жалпы ұзындығы шамамен 1 мың шақырымды құрайтын, құрылысы осы уақытқа дейін басталып кеткен "Қалбатау - Майқапшағай", "Күрті - Қонаев", "Қызылорда - Жезқазған" және "Ұзынағаш - Отар" күре жолдарында да жұмыс жалғасады.
Сонымен қатар төрт жолақты "Ақтөбе - Ұлғайсын", "Қарағанды - Жезқазған", "Атырау - Доссор" және "Сарыағаш қаласының айналма жолы" жобаларының құрылысын бастау көзделген. Олардың жалпы ұзындығы 1 мың шақырымнан асады.
Былтыр орташа жөндеу жұмыстары басталған "Жезқазған - Петропавл", "Қарағанды - Аягөз - Бұғаз", "Қандыағаш - Шалқар - Ырғыз" сияқты ірі жобаларда биыл да жұмыстар жалғасады.
Бұдан бөлек, "Қарабұтақ - Рудный - Қостанай", "Атырау - Орал" және "Астана - Қорғалжын" автожолдарының учаскелерін қоса алғанда, ұзындығы 2,6 мың шақырымды құрайтын автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары басталады.
Жергілікті маңызы бар жол инфрақұрылымын дамыту да басымдыққа ие болмақ. Өңірлерде жергілікті маңызы бар жалпы ұзындығы 4,2 мың шақырымды құрайтын жолдарды жөндеу жоспарланған. Олардың қатарында "Атырау - Форт - Шевченко", "Түркістан - Шәуілдір", "Чапай - Сайқын" жолдары, сондай-ақ Семей қаласындағы көпірдің құрылысы бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2218535-2025-zhyly-elimizde-qandai-zholdar-salynyp-zhondeuden-otedi/