Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялады
Опубликовано:
Ұлттық банк бұл жолы да базалық мөлшерлемені 16,5 пайыз деңгейінде сақтап қалды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Бұл шешім болжамды раундтың нәтижелеріне негізделді. Оның аясында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы жаңартылып, инфляция тәуекелдерінің балансы қайта бағаланды", - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің мәліметінше, алдағы айларда инфляция қарқынының айтарлықтай баяуламауы қалыптасып отырған ақша-кредит шарттарын қатаңдатуға негіз болады.
"Ол шарттар инфляцияның 5 пайыздық ортамерзімді нысанаға қарай орнықты түрде төмендеу траекториясына оралуына ықпал етеді. Осыған байланысты Ақша-кредит саясаты комитеті алдағы отырыстарда базалық мөлшерлемені көтерудің орындылығын қарастыратын болады", - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 10 қазанда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы наурызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25 пайыздан 16,5 пайызға дейін көтерген еді. Содан бері базалық мөлшерлеме 16,5 пайыз деңгейінде сақталып отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2280423-ulttyq-bank-bazalyq-molsherlemege-qatysty-sheshimin-zhariialady/