Қаржы

Зектілері

Алматының айналма жолымен жүру ақысы неге өсіп отыр: көлік министрі түсіндірді

Жарияланған күні:

"Үлкен Алматы айналма" жолы
"Үлкен Алматы айналма" жолы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Көлік министрі Марат Қарабаев үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Алматының айналма жолымен жүру ақысы неге өсіп отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

"Біріншіден, ол жолды салғанда оған Алматы қаласы мен Алматы облысынан келіп қосылатын 6 жолды қосқанда тәулігіне 45 мың көлік өтеді деп жоспарлағанбыз.

Ал қазір сол радиалды жолдар қосылмағанның өзінде тәулігіне 75 мың көлік өтіп жатыр. Әрине бұл жолға берілетін жүктемені көбейтеді. Яғни жолды күтіп ұстауға қосымша қаражат керек болады және жолдың ескіруін тездетеді. Сондықтан жолды күтіп ұстау үшін және дер кезінде жөндеп отыру үшін ақысын көтердік", - деді Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, бұл жолмен шетелдік көліктер өте жиі қатынайды.

"Екіншіден, ол – мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясында салынған жол. Яғни, мемлекет өз есебінен төлеп жатыр. Бұдан бұрын да айтқанбыз, біздің басты мақсат – жол саласында мемлекетке түсетін жүктемені азайту. Ал содан үнемделген қаражатты басқа әлеуметтік бағыттарға жіберу көзделген. Алматының айналма жолы 66 шақырым десек, мұнда шетелдік көліктер өте көп жүреді. Осы екі себеппен жол ақысын көтердік", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін "Үлкен Алматы айналма" жолымен жүру үшін тарифтік ставкаларды ұлғайту көзделіп отырғанын хабарлаған едік. Тиісті құжат "Ашық НҚА" сайтында жарияланған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2217890-almatynyng-ainalma-zholymen-zhuru-aqysy-nege-osip-otyr-kolik-ministri-tusindirdi/