Әлеуметтік инспекторлардың қызметі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасына қалай әсер етеді
Жарияланған күні:

Мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар немен айналысады, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау мақсатында қанша тексеру жүргізді және олардың бақылауында қандай нысандар бар екенін NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
2023 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осылайша, біздің мемлекетіміз қоғамның барлық мүшелері үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға кемсітушілік жағдайларды жоюға міндеттеме алды.
ҚР Әлеуметтік кодексінің күшіне енуімен 2023 жылы елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді. Олардың құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарды бақылау жұмыстарын жүзеге асыру кіреді.
Сонымен қатар, олардың құзыретіне мүгедек жандарды әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау жатады. Бүгінде олардың қызметі оң нәтиже көрсетіп отыр.
Мәселен, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде әлеуметтік инспекторлар 2344 тексеру жүргізәп, оның 582-сі профилактикалық бақылау шеңберінде, 572-сі жоспардан тыс, ал 1190-ы прокуратураның өтініші бойынша жасалған тексерулер болды. Тексерістердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 826 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 199 миллион теңгеден астам сомаға 798 айыппұл салынды.
Мемлекеттік бақылаумен: 169 әкімдіктер, 97 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, 51 жеке кәсіпкер, 901 мектеп, 18 дүкен, 110 жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері, 15 мәдениет үйі, 13 мұрағат пен мұражай, 6 банк, 462 балабақша, 144 колледж бен лицей, 25, дәмхана мен қонақ үйлер, 7 нотариус, 80 мемлекеттік мекеме, 88 емхана және т.б. қамтылды.
Мысалы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Абай облысы бойынша департаменті мүмкіндігі шектеулі жанның өтініші негізінде аурахананың ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімділігін анықтау мақсатында жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілді, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілік шаралары қабылданды.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті мүгедектер арбасын пайдаланатын адамның өтініші негізінде кафе-барда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауына байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектісі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды.
Айта кету керек, профилактикалық бақылауды жүзеге асыру барысында алғашқы бұзушылық анықталған жағдайда меншік иелеріне тек қана оларды жою туралы ұйғарым шығарылады. Белгіленген мерзімде ұйғарым жойылмаған жағдайда, сот тәртібімен айыппұл салу жүзеге асырылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2177241-aleumettik-inspektorlardyng-qyzmeti-mumkindigi-shekteuli-azamattardyng-omir-suru-sapasyna-qalai-aser-etedi/