Қаржы

Зектілері

Ертеңнен бастап емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері өзгереді: ақшаны тағы неге жұмсай аласыз

Жарияланған күні:

Зейнетақы
Көзілдірік, теңге мен калькулятор. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2025 жылғы 27 сәуірден бастап емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар өз күшіне енеді. "Отбасы банк" баспасөз қызметі осы орайда жас қазақстандықтарды емдеуге қатысты басты жаңалықты назарға ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Енді ата-аналар біржолғы зейнетақы төлемдерін (бұдан әрі-БЖТ) өз емінің ақысын төлеуге ғана емес, кәмелетке толмаған балаларды емдеуге де қолдана алады.

Сондай-ақ стоматологиялық қызметтерге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібі де өзгереді. Ескерілетін негізгі жайттар:

  1. Енді азаматтар бұрынғыдай дәрігерлік комиссияның емес, тіркелген жері бойынша емханада дәрігерлік-консультациялық комиссияның (бұдан әрі-ДКК) қорытындысын алулары қажет болады.
  2. Стоматологиялық клиникамен жасалған шарт міндетті түрде бекітілген формаға сәйкес келуге тиіс (форма "Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидаларын және ақылы медициналық қызметтер (көмек) көрсету жөніндегі шарттың үлгілік формасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 29 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығымен бекітілген).
  3. Сондай-ақ стоматологиялық клиникамен жасалған шартқа соманы көрсете отырып, екі кезеңнен тұратын емдеу жоспары қоса берілуге тиіс. Бірінші кезең – барлық шығын материалын ескере отырып, хирургиялық (имплантация, сүйек салу операциялары, синус көтеру және т.б.). Екінші кезең - ортопедиялық, ол импланттардағы конструкцияны қамтиды. БЗТ көмегімен төлем хирургиялық емдеуге дейінгі бірінші кезеңде және ортопедиялық емдеуге дейінгі екінші кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші және екінші кезеңде де ДКК үшін тістердің суретін түсіру керек және кейіннен enpf-otbasy.kz платформасына жүктеу үшін әр кезеңге екі рет ДКК қорытындысын алу қажет болады.
  4. Имплантациясыз стоматологиялық қызметтерді көрсету кезінде, яғни алынбалы және алынбайтын протездермен протездеу жүргізілгенде, БЗТ көмегімен төлем екі кезеңде - протездеу басталғанға дейін және алынбалы немесе алынбайтын протездерді орнатпас бұрын жүргізіледі. Бірінші және екінші кезеңде де ДКК үшін тістердің суретін түсіру және платформада ДКК қорытындысының өзін жүктеу қажет болады.

Бұл шаралар зейнетақы жинақтарынан шығындар ашықтығын, қауіпсіздігін және негізділігін арттыру үшін енгізіледі", - делінген банктің баспасөз хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2239557-ertengnen-bastap-emdeluge-birzholgy-zeinetaqy-tolemderin-paidalanu-erezheleri-ozgeredi-aqshany-tagy-qandai-emge-zhumsai-alasyz/