jitsu gif
Қаржы

    Сарапшы жеңілдетілген автонесие туралы айтып берді

    Машина
    Көрнекі фото: pixabay.com

    Автонарықты талдау және мониторинг жасау орталығының директоры Артур Мискарян жаңадан іске қосылатын жеңілдетілген автонесие туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

    Отандық өндірісті арттыру қажет

    Сарапшының дерегінше, өткен жылы ел тұрғындары автосалоннан 118 мың жаңа көлік сатып алған.

    Бір жыл ішінде нарық 30 пайызға өскен.

    Осылайша Қазақстан әлемдегі тапшылыққа қарамастан сатылым жағынан өсім көрсеткен санаулы елдер қатарына кірді.

    "Қазақстан нарығы 2017 жылдан бері 20-30%-ке артты. Қолда бар болжам бойынша, биыл да оң динамика сақталады. Алайда соңғы бір-екі жылда тек елде ғана емес, жалпы әлемде ұсыныстың тапшылығы байқалып отыр.

    Сондықтан ел ішінде өндірістік қуаттың көлемін арттырған дұрыс. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін де, экспорт бағытында жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін де қажет", - дейді Мискарян.

    Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан кейін көптеген автомобиль брендтері көрші елден кетіп қалды.

    Автокөлік бөлшектерін шетелден таситын ресейлік зауыттардың кейбірі өндірісін тоқтатуға мәжбүр болды. Осыған байланысты жаңа көлік мінгісі келетін ресейліктер Қазақстанға ағылуы мүмкін деген пікір бар. Алайда Артур Мискарян мұнымен келіспейді.

    "Ресей мен Қазақстанның заңнамасы тұрғысынан, тұтынушылар өз елінде де, басқа елден де тауар сатып алуға құқылы. Бірақ дәл қазіргі жағдайда, санкцияларды ескерсек, жаһандық алпауыт концерндер өз өнімінің Ресейге сатылуына жол бермес үшін тауарлардың "көші-қонын" қадағалауы мүмкін. Оның үстіне ресейлік сатып алушылар жаппай біздің елге ағылуы үшін дилерлерде автокөлік қоры жеткілікті болуы керек. Ал қазір автосалондарда тізіліп тұрған көлік көрмейсің, тіпті әлемде ондай жоқ", - дейді сарапшы.

    Қазіргі қаржыландыру жеткіліксіз

    Артур Мискарянның сөзінше, 2015 жылы басталған жеңілдетілген автокредит бағдарламасының арқасында 30 мың адам көлік сатып алды.

    Ал қарыздың жалпы сомасы, "револьверлік" қаржыландыруды қоса алғанда, 162 млрд теңгені құраған.

    Сарапшы жеңілдетілген автокредитке мемлекеттен бөлініп отырған 100 млрд теңге аз деп есептейді.

    Оның пікірінше, бағдарламаның шарапатын неғұрлым көп адам көру үшін қаржы мөлшерін ұлғайтқан жөн.

    "Бағдарламаның ресурсы бәрібір де шектеулі болатыны түсінікті. Оның үстіне қазіргі уақытта экономикалық жағдайда. Бұл ретте айта кетері, әлемдік автонарықта ұсыныс көлемінің төмендеуі, ал сұраныстың өсуі байқалады. Бұл екі жылға созылған пандемияның салдары. Сондықтан өткен жылдардың тәжірибесін ескеріп, аталмыш бағдарламаны ара-тұра емес, тұрақты негізде қаржыландырып тұру маңызды. Неғұрлым көп адамды қамтып, елдің автопаркін қарқынды түрде жаңарту үшін транш көлемін ұлғайту қажет", - деді ол.

    Баға өсе ме, әлде төмендей ме

    Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстанда құрастырылған жеңіл автокөліктер, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 16 пайызға қымбаттаған. Ал импортталған машиналардың бағасы 18,6 пайызға өскен.

    Артур Мискарянның сөзінше, баға, ең алдымен, сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасына қарай қалыптасады. Тағы бір маңызды фактор – теңге бағамы. Сол себепті, оның ойынша, жеңілдетілген автокредит көлік бағасының төмендеуіне ықпал етпейді.

    "Жоғарыда айтқанымдай, әлемдік автонарықта екі жыл бойы көлік тапшы. Мұндай жағдайда бағаның өсуі бұл табиғи процесс. Оған Қазақстанда жеңілдетілген автокредит бағдарламасының бар-жоғы әсер етпейді", - дейді ол.

    Сарапшының болжамынша, әлемдік нарықта автотапшылық жыл бойы жалғасады.

    Бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстанда шетелден импортталатын көліктерге баға белгілеу ашық жүргізілмейтінін мәлімдеген еді.

    Ал отандық көліктердің үстеме ақысы көп емес. Оның сөзінше, көлік тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша қымбаттап жатыр. Отандық өндірушілер металдың қымбаттауына, тасымал мен логистиканың өзгеруіне әсер ете алмайды.

    Вице-премьер клиенттерге қосымша қызмет ұсынатын автосалондармен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.

    "Автосалондарда қосымша қызметтерді ұсынатындармен тиісті мемлекеттік органдар айналысуға тиіс. Ондай болмауы керек", - деді Скляр 13 мамырда өткен халықаралық көлік жасаушылар форумында.

    Қазақстанда қандай көлік маркалары жиі сатылады

    Қазақстанн автобизнес қауымдастығының мәліметінше, 2022 жылғы қаңтар-сәуір аралығында 31 582 көлік сатылған.

    Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға төмен.

    Мәселен, сәуір айында жаңа көліктер сатылымы 8,9 пайызға азайды. Барлығы 9 212 жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника сатылды.

    Негізінен қазақстандықтар Chevrolet, Hyundai, KIA, LADA маркалы көліктерді сатып алады.

    Сарапшы жеңілдетілген автонесие туралы айтып берді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.