Қазақстанда сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлерді жекешелендіру мүмкіндігі ұсынылмақ
Жарияланған күні:

Қазақстанда сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үйлерді жекешелендіру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл өзгеріс бағдарлама қатысушыларына жалға берілген баспананы бөліп төлеу арқылы меншігіне аударуға мүмкіндік береді. Бұл туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ сайтында.
"Ашық НҚА" сайтында Қазақстан Республикасы үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы" қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін қаулы жобасы жарияланды.
Бұл өзгерістерде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлерді пайдаланушылар мәселесі қаралған.
Егер жоба мақұлданса, жалға алушылар пәтерін өз атына аударып, қалдық құны бойынша сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Төлем бөліп төлеу арқылы іске асырылады.
Мемлекеттік тұрғын үйді бөліп төлеу жобасы
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай – Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз ақылы пайдалануға берілетін тұрғынжай. Ол Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіру қағидаларында бекітілген (2-тармақтың 8–1 тармақшасы).
Мұндай тұрғын үйді жалға алу бағасы нарықтық бағадан төмен, сондықтан бағдарламаға қатысушыларға ипотекаға ақша үнемдеуге мүмкіндік береді.
Аталмыш өзгерістер осы ережелердің 8-тармағының өзгертілетініне байланысты – енді коммуналдық тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін тұрғын үйді жалға алушы қалдық құны бойынша жекешелендіруі мүмкін.
Жалға берілетін тұрғын үйдің құны қалдық құны бойынша есептеледі. Ол бастапқы бағадан баспананың физикалық тозуы шегеріле отырып анықталады.
Пәтер құнын бөліп төлеуге болады, егер қалдық құны 15 миллион теңгеден төмен болса, 10 жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге болады. Ал егер құны шекті деңгейден асып кетсе, онда бөліп төлеу мерзімі 15 жылға дейін созылады.
Алайда тұрғын үйді жекешелендіретін қазақстандықтар баспана құнының кемінде 10 пайызына (бұрын 30 пайыз болатын) тең болатын бастапқы жарна төлеуі керек.
Қатысушылар қатары толықты
Негізгі жалға алушының отбасы мүшелері де пәтерді жекешелендіруге құқылы болады, егер олардың басқа жекешелендірілген баспаналардағы үлесі 50 пайыздан аспаса.
Алайда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тек бір ғана тұрғын үйді жекешелендіруге рұқсат етіледі.
Жобаны талқылау 2024 жылдың 9 желтоқсанына дейін жалғасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2194850-qazaqstanda-satyp-alu-quqygynsyz-zhalga-berilgen-paterlerdi-zhekeshelendiru-mumkindigi-usynylmaq/