Дербес кредиттік рейтинг несие алуға қалай әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
Опубликовано:
"Қазақстандағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Заңына сәйкес кредиттік бюролар тек кредиттік тарихты ғана емес, сондай-ақ, дербес кредиттік рейтингті де ұсынады. Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттік рейтингке қатысты кәдеге жарар ақпаратты назарға ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Дербес кредиттік рейтинг деген не?
Дербес кредиттік рейтинг – бұл қарыз алушының кредиттік тарихы жазбаларының және басқа да дербес деректерінің негізінде кредиттік бюро автоматты түрде есептейтін балл. Қарыз алушы кредитті мақұлдау ықтималдығын бағалау үшін өз рейтингін біле алады.
Рейтингке не әсер етеді?
Рейтингке көптеген фактор ықпал етеді, оның ішінде:
- мерзімі өткен күндердің болуы;
- қолданыстағы кредиттердің саны;
- борыштарды коллекторларға беру және т.б
Дербес кредиттік рейтинг ақпараттық сипатқа ие болады және тіпті жоғары баллдың өзі кредиттің мақұлданатынына әрдайым кепілдік бермейді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) жеке алгоритмдерді қоса алғанда, әр түрлі скорингтік модельдерді пайдаланады.
Кредиттік рейтинг банкте кредит алуға қалай әсер етеді?
Кредиттік рейтинг қарыз алушының адалдығы мен сенімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Рейтинг неғұрлым жоғары болса, кредиттік тәуекелдер соғұрлым төмен болады және кредитті мақұлдау ықтималдығы артады.
Кредиттік рейтингтің төмен болғаны үшін банктер мен МҚҰ кредит беруден бас тарта ала ма?
Қарыз алушының кредиттік рейтингі төмен болса, банктер мен МҚҰ кредит беруден бас тартуға құқылы.
Кредиттік рейтинг қарыз алушының қаржылық сенімділігін көрсетеді және тарих негізінде қалыптастырылады: мерзімнің кешіктірілуі, борыштардың көлемі мен жиілігі, борыш жүктемесі, сот істері мен коллекторлық істер.
Кредит берудің алдында қаржы ұйымдары клиенттің төлем қабілеттілігін бағалауға міндетті – бұл заңның және Қазақстан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талабы.
Төмен рейтинг азамат қарызды қайтармай қоюы әбден мүмкін екенін аңдатады және кредитор кредит беруден бас тартуға толық құқылы. "Кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Заңына сәйкес, бюроның деректері кредиттік шешім қабылдау кезінде пайдаланылуы мүмкін. Алайда кредит беру кредитордың міндеті емес, құқығы болып табылады. Азамат барлық қарызды кешіктірмей қайтарып жүрген болса да, банк тәуекелді тым жоғары деп санаса, бас тартуы мүмкін.
Кредиттік рейтингті қалай жақсартуға болады?
- Кредиттеріңізді уақытында төлеңіз: төлемді есептен шығару күніне дейін 5-7 жұмыс күні бұрын жасаған дұрыс.
- Егер мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі болса, оны қолданыңыз. Дегенмен банктің мерзімінен бұрын өтеуді дұрыс жазғанына көз жеткізіңіз. Кредитті толық өтеу туралы анықтама сұраңыз.
- Мерзімін өткізіп алған кезде кредиторлардан қашқақтамаңыз. 2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда проблемалық берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық режимі қолданылады
Кредиттік рейтингті қалай тексеруге болады?
Қазақстан азаматы жылына бір рет өзінің кредиттік рейтингін тегін ала алады. Мұны мынадай жолдармен жасауға болады:
- eGov.kz порталы арқылы
- Бірінші кредиттік бюро сайты немесе қосымшасы (1cb.kz) арқылы
- Мына мекемелерге өзіңіз барып, ала аласыз:
- "Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ (МКБ);
- "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС (БКБ);
- ХҚКО немесе Қазпочта бөлімшесі.
Мекемеге барғаныңызда, өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болу қажет. Егер сіз алғаш жүгінген болсаңыз, ақпарат алу тегін болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2301663-derbes-kredittik-reiting-nesie-aluga-qalai-aser-etedi-zhane-ony-qalai-zhaqsartuga-bolady/