RU

Қазақстан Қырғызстанға тегін атыс қарулары мен әскери техникалар береді

18 ақпан күні Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның үкіметі мен Қырғыз республикасының үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Келісімге екі елдің Қорғаныс министрлері 2015 жылдың 24 маусымында Астанада қол қойған. Оған сәйкес, Қырғыз тарапына өтеусіз негізде атыс қаруларын, патрондарды, түтіндеткіш гранаталар мен құтыларды, С-75 зымыран кешеніне қосалқы бөлшектер мен жиынтықтаушы бұйымдарды беру көзделеді. Қырғызстанның Қойташ елдімекеніне дейін мүліктерді Қазақстан Қарулы күштерінің жүк көліктерімен жеткізу көзделеді», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Таяу Шығыс пен Ауғанстан аумағында Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін үдерістер даму үстінде. Осыған байланысты Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмектер көрсету туындап отырған қауіптердің бетін қайтаруға мүмкіндіктерді арттырады.

Тұтастай алғанда, Қазақстан Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсете отырып, Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1049790-qazaqstan-qyrghyzstangha-tegin-atys-qa/