Айыпты мойындамаған Серік Ахметов енді "өкінеді"
Опубликовано:
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов өз кінәсін мойындап, шын жүректен өкініш білдіреді, деп мәлім етті Ахметовтың адвокаты Николай Лесник.
Бұл туралы Қазақстан жаңалықтары хабарлайды.
2015 жылғы желтоқсанда Серік Ахметовке бюджет қаржысын ұрлады, пара алды, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айып тағылған болатын. Экс-премьер Серік Ахметов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Желтоқсанның соңында Ахметовтың қорғаушылары апелляцияға шағым түсірді.
"Біздің қорғалушымыз Серік Ахметов… болған оқиғаға қатысты жауапкершіліктен қашпайды және бұл жерде өзінің кінәсі бар екенін түсініп, шын жүректен өкініш білдіреді", — деді Лесник апелляциялық сот алқасының отырысында.
Еске сала кетсек, осыған дейін Серік Ахметов мемлекетке келтірген шығынды толығымен өтегенін хабарлаған едік. Ал бүгін Қарағанды облыстық сотында өтіп жатқан экс-премьердің апелляциялық шағымы бойынша сот процесінде айыптаушы тарап соттан берілген өтініштерді қарауға уақыт беруді сұраған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1068440-serik-akhmetov-kinasin-moyyndap-okini/