RU

Назарбаев кезектен тыс мәжіліс депутаттары сайлауында дауыс берді

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика парламенті төменгі палата және мәслихат депутаттары сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды Қазақстан жаңалықтары агенттігінің тілшісі.

Назарбаев Астанада Бауыржан Момышұлы көшесіндегі Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Мен өзімнің азаматтық құқығымды орындап, бүгінгі сайлауда дауыс бердім. Бұл сайлау біздің тарихымыздағы өте бір елеулі кезең болып саналады. Парламент мүшелерінің шешімімен биылғы кезектен тыс сайлауды өткізіп отырмыз. Осы кезеңде парламентті жаңарту өте қажет қадам болып отыр», - деп тоқталды елбасы деп хабарлайды Қазақпарат.

Осы орайда мемлекет басшысы еліміздің алдында еңсеретін тиісті мақсаттар бар деп атап өтті.

Қазақстандағы сайлауға әлем мемлекеттерінен және елімізден байқаушылар сайлау учаскелерінде қадағалау жүргізіп жатқанын еске салып өткен Назарбаев: «Дүниежүзінің алдында заңды түрде біз осы сайлауды өткізіп, парламентті және жергілікті билікті өзгерту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Сайлау учаскелерінің барлығына халқымыз барып жатыр. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, халқыма тағы да ризашылығымды білдіремін. Былтыр президент сайлауы өтті, ал биыл парламент сайлауы өтіп жатыр. Барлығы жауапкершілікті түсініп, жаңашылдық керек екенін біліп отыр», - деді президент.

Осы сайлау учаскесінде мемлекет басшысының үлкен қызы, премьер-министрдің орынбасары, "Нұр Отан" партиясынан мәжіліс депутатына үміткер Дариға Назарбаева да дауыс берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1077309-nazarbaev-kezekten-tys-mazhilis-deput/