Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандағы апта ішіндегі жаңа кадрлық тағайындаулар

Опубликовано:

Осы аптада да еліміздің орталық және атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Бірқатар өңірге қарасты аудандардың да басшылары ауысып, қаржылық ұйымдарда тағайындау жүргізілді. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған тағайындауларға шолу жасайды.

Қазақстан президентінің кеңесшісі

Сонымен осыдан біраз уақыт бұрын Энергетика министрі қызметінен босаған Владимир Школьник Қазақстан президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. 1949 жылы дүниеге келген ол еліміздің Энергетика, индустрия және сауда министрі, үкімет басшысының орынбасары, Энергетика және минералды шикізаттар министрі, Индустрия және сауда министрі,  Қазақстан президенті әкімшілік меңгерушісінің орынбасары, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының президенті, Энергетика министрі сынды қызметтерді атқарған еді.

Қазақстан парламенті мәжілісі аппараты басшысының орынбасары

Мәжіліс төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өкімімен Зере Орынтайқызы Өтебаева Қазақстан парламенті мәжілісі аппараты басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Өтебаева бұған дейін Қазақстан парламенті мәжілісі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қызметін қамтамасыз  ету бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ол  Мәскеу экономика және құқық институтын және Ресей ғылым академиясының әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының аспирантурасын бітірді. Заңгер,  саяси ғылымдар кандидаты.

Қазақстан президенті әкімшілігімен келісу бойынша Павлодар облысы әкімінің орынбасары

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың өкімімен Қазақстан президенті әкімшілігімен келісу бойынша облыс әкімінің орынбасары қызметіне Бауыржан Қасенов тағайындалды.

Ол еңбек жолын К. Маркс кеңшарында жұмыскер болып бастаған. 2015 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған.

Павлодар облысы орталығының әкімі

Ал Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Нұржан Әшімбетов облыс орталығының әкімі болып тағайындалды.  Ол 1969 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданы Черное ауылында туған. Зооинженер мамандығы бойынша Алматы зооветеринарлық институтын және бухгалтер-экономист мамандығы бойынша Алматы экономика және статистика институтын тәмамдаған.

Еңбек жолын Мемлекеттік мүлік жөніндегі Павлодар аумақтық комитетінің маманы болып бастап, кейін халықаралық даму жөніндегі америкалық агенттікке қарасты «Карана» корпорациясының кеңесшісі қызметін атқарады.

Павлодар облысы Май ауданның жаңа әкімі 

Сонымен қатар осы облысқа қарасты Май ауданның жаңа әкімі қызметіне Ардақ Қаңтарбаев келді. Қаңтарбаев Ардақ Амангелдіұлы 1968 жылдың 18 ақпанында туған. Павлодар облысы Баянауыл ауданының тумасы. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін бітірген. 2012 жылдың қазан айынан қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысы Әділет департаменті басшысы қызметін атқарды.

Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі

Махаббат Бигелдиев Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі болып тағайындалды. Махаббат Бигелдиев 1961 жылы 22 наурызда дүниеге келді. Алматы сәулет-құрылыс институтын бітірген. Еңбек жолын 1978 жылы Күрті аудандық Ішкі істер бөлімнің күзет бөлімінде бастап, кейіннен құрылыс мекемесінің жұмысшысы, кеңшардың жұмысшысы болды. 2014 жылдың тамызынан - Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі

Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі қызметіне бұған дейін Ақтоғай ауданының әкімі болған 60 жастағы Ниқанбай Омарханов тағайындалды. Омархановтың екі жоғары білімі бар, Целиноград ауыл шаруашылығы институты мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген.

Мамандығы бойынша инженер-электрик, экономист. 20 жылдан астам Қарқаралы ауданында ауыл шаруашылығы саласында түрлі лауазымдар атқарды. 2013 жылғы маусымнан бастап осы тағайындауға дейін Ақтоғай ауданының әкімі болды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің жеке құрамына жаңа басшы

Қазақстан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полицияның генерал-лейтенанты Марат Демеуов Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің жеке құрамына жаңа басшыны таныстырды. Сонымен бұл қызметке генерал-майоры Тілеген Советұлы Мәткенов келді.

Ол Ішкі істер органдарында 1988 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Милициядағы жұмысын Алматы облысындағы Қапшағай ҚІІБ-нің кәмелеттік жасқа жетпегендердің ісі бойынша бөлімнің қатардағы учаскелік инспекторы қызметінен бастаған. Бұл тағайындауға дейін Қостанай облысының ІІД-ін басқарды.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамына жаңа басшы

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамына жаңа басшы келді. Атап айтқанда, Еркін Сағындықұлы Қыдыр «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып сайланды.

Еркін Қыдыр 1962 жылы 1 тамызда туған. 1984 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін  журналистика, 2007 жылы Қазақ жол қатынастары университетін экономика және басқару мамандығы бойынша бітірді.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Директорлар кеңесі шешімімен Дүйсенов Абай Сембайұлы басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Абай Дүйсенов 1974 жылы 3 қарашада дүниеге келді. Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін «инженер-жүйе технигі» мамандығы бойынша, Қазақстандық менеджмент, экономика және стартегиялық жоспарлау институтын (KIMEP, MBA) аяқтады және Тұрар Рысқұлов атындағы университет пен Швейцариядағы Еуропалық университеттің бірлескен бағдарламасы бойынша DBA дәрежесін алды.

Сонымен бірге ақпараттық технологиялар саласында оқуды Оңтүстік Кореяда жалғастырды. Еңбек жолын 1997 жылы ақпараттық технологиялар институтының маманы ретінде бастады. «Қазақтелеком» АҚ шамамен 20-жылдық жұмыс кезеңінде А.Дүйсенев мансап жоғарылауының барлық сатыларынан өтіп, 2010 жылы басқарушы директор қызметін атқарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1103218-qazaqstanda-apta-ishindegi-zhanha-kadrl-3/