"Панама құжаттарында" есімдері жалт еткен қазақстандық ауқаттылар
Опубликовано:
«Панамалық құжаттар» туралы шыққан жаңа деректе бірнеше қазақстандық ауқаттылардың есімі көрсетілді.
Бұл туралы Азаттық хабарлайды.
Қазақстанға қатысты жарияланған ондаған адамның арасында активтерінің көбі жылжымайтын мүлік саласында шоғырланған миллионер Сержан Жұмашев бар. Ол Қазақстанның ықпалды әрі бай адамдарының бірі саналады.
«Панамалық құжаттар» оның қатысы бар екі мекеменің атауын жариялаған. Біріншісі – Сейшель аралдарындағы MADISON EQUITIES TRADING LTD, оның иесінің мекен-жайы Кариб теңізіндегі Доминика астанасы Розо деп көрсетілген. Оның статусы туралы ақпаратқа қарағанда, қазір фирма жоқ. Есесіне оның тағы бір компаниясы - CAPITAL AIRWINGS DELTA LTD - британның Виргин аралдарында тіркелген, иесінің мекен-жайы Қытай астанасы Пекин деп көрсетілген.
«Панамалық құжатта» ENRC металлургиялық кәсіпорны иелерінің бірі Патох Шодиев пен бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың офшорлары туралы ақпарат бар. Құжатта Шодиев - International Financial Limited компаниясының иесі, ал мекенжайы Алматыдағы Қонаев көшесі, 56 үй деп көрсетілген. Оның екінші компаниясы - EUROPA EXCLUSIVE LTD иесінің мекенжайы көрсетілген тұста Шанхайдың оңтүстік-батысына қарай 180 километр жердегі Ханчжоу қаласы аталған.
Тізімде Ерлан Сағадиевтің де аты-жөні бар, құжаттарда оның Уругвайда тіркеуде тұратыны, британдық Виргин аралдарындағы Masterton Management LTD компаниясының тең қожайыны екені көрсетілген. 2009 жылы құрылған компания қызметін 2012 жылы тоқтатқан әрі сол жылы аукционда сатылған. Қазақстанда Ерлан Сағадиев есімді білім және ғылым министрі бар.
«Панама құжаттарында» жуырда «әлеуметтік араздықты қоздырғаны» үшін сотқа тартылған азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің есімі де жүр. Шолпан Мәмбеталина екеуі британдық Виргин аралдарындағы HALLWORTH PROPERTIES LIMITED компаниясының тең иелері ретінде көрсетілген. Компанияның тең қожайынының Серікжан Мәмбеталиннің мекен-жайы Лондонда деп жазылған. Құжаттағы ақпаратқа қарағанда, бұл фирма 2005 жылдың қарашасында құрылып, 2010 жылы сатылған, ал қызметін 2011 жылдың мамырында тоқтатқан.
Азаттыққа «Панамалық құжаттарда» аты-жөні жүрген адамдардың ішінен Серікжан Мәмбеталиннен ғана комментарий алудың сәті түсті. Ол жауабын қысқа қайырып, 2002-2010 жылдары Лондонда тұрғанын ешқашан жасырмағанын, саясатқа араласқанға дейін бизнеспен айналысқанын айтты.
«Әлгі компания менікі болған, есеп-шоты Женева банкінде ашылған, бірақ қазір компания да, есеп-шот та жоқ. Есеп-шот ашып, бизнес жүргізу үшін дайын компания сатып алған өте тиімді болғандықтан офшорда тіркелген. Қазақстанда мемлекеттік қызметте бір күн жұмыс істемеген мен үшін бұл заңға қайшы емес», - деп жауап берді Серікжан Мәмбеталин Азаттықың сұрақтарына.
Ол әлгі компанияның немен айналысқанын түсіндірмегенімен, «оның қызметі аясына Қазақстан кірген жоқ» дейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1124241-panama-quzhattarynda-esimderi-zhalt-et/