Ақордадағы ірі кадрлық ауыс-түйіс: Әлеуметтік наразылықтың артуының нәтижесі ме?

Опубликовано:

Қазақстанда президент әкімшілігінің жетекшісі мен Астана қаласының әкімі ауысты. Кейбір сарапшылар мұның себебін әлеуметтік наразылықтың артуынан көреді деп жазады Азаттық.

Маусымның 21-і күні Қазақстанның билік жүйесінде бірқатар кадрлық өзгеріс жасалды. Президент әкімшілігінің жетекшісі болып Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі болып Әсет Исекешев тағайындалды. Ал президент әкімшілігі жетекшілігінен босаған Нұрлан Нығматулинге парламент мәжілісінің мандаты берілді. Оны президент Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс спикерлігіне ұсынып еді, барлық депутаттар қолдай кетті.

Әсет Исекешев бірінші рет әкім болып тағайындалып жатса, қалған екеуі жаңа қызметтері таңсық емес. Жақсыбеков президент әкімшілігіне 2004-2008 жылдары жетекшілік етсе, Нығматулин 2012 жылдың қаңтарынан 2014 жылдың сәуіріне дейін мәжіліс төрағасы болған.

Азаттық тілшісі сұхбаттасқан жергілікті сарапшылар соңғы тағайындаулардан «жағымсыз трендтер» көреді. Саясаттанушы Досым Сәтпаев жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке таңдалатын кадрлар тізімінің шолақ екенін айтады.

Соңғы уақытта меритократия, «А» және «B» корпустарын құрылуы жөнінде көп айтылған сияқты еді. Соңғы кездері сонымен бірге «болашақтықтардың» әртүрлі қызметке тағайындалуы туралы тренд те көріне бастаған еді. Алайда іс жүзінде бұрынғы ескі гвардияның негізгі қызметтерде айналып жүргенін көріп отырмыз, - деді Сәтпаев Азаттық тілшісіне.

"Соңғы уақытта халық арасында қарсылық көңіл-күйі күшейді, осындай жағдайда жіберілген барлық кемшіліктерге кінәліні табу керек болды. Кінәлі ретінде ішкі саясатқа жауапты президент әкімшілігінің жетекшісін белгілеу туралы келісілді", - дейді ол.

Сәтпаевтың ойынша, соңғы айларда Ақорданы сескендірген жерге қатысты наразылық акциялары мен Ақтөбедегі теракт халық арасында биліктің абыройын түсіріп, қадірін қашырды. Сарапшы «кемшіліктерді толтыру мақсатында жасалған» кадрлық тағайындаулардың жалпы ахуалды жақсарта қоятынына күмән келтіреді.

"Неге екені белгісіз, билік осылайша мәселені жақсартам деп ойлайды. Бірақ меніңше, президент әкімшілігіне кім келсе де, жағдай өзгермейді. Осы тағайындаулардың барлығы маған мақсатсыз, нәтижесіз тірлікті еске салады – адамдар келіп-кетіп жатыр, ал жүйе сол күйінше қалып тұр. Жүйені өздері жасаған әрекеттері мен шешімдері аяқтан шалып, құлатып жатыр. Яғни, капитанды қанша рет ауыстырсаңыз да, ақаулары анықталып, бітелмейінше кеме ойдағыдай жүзе алмайды. Ерте ме, кеш пе, құрдымға кетуі мүмкін. Осы жылғы оқиғалар, бұған дейінгі Жаңаөзен, Шаңырақ оқиғалары, 2011, 2012 жылы болған террорлық актілер кемеде ақаулардың көп екендігін көрсетті", - дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев президент әкімшілігінің жаңа жетекшісін саяси ойындардан қашықтау тұратын ұйымдастырушы-«орговик» деп сипаттайды.

"Мүмкін, осы қызметте болған Кәрім Мәсімов, Иманғали Тасмағамбетов, Нұрлан Нығматулин өздерін саясаткер ретінде көбірек көрсеткендіктен бе екен [Әділбек Жақсыбеков] белгілі бір саяси ойындарды жүргізе алатын адам ретінде танылған жоқ. Қазір басқару элитасында осындай тағайындаулар арқылы баланс сақтау керек болып жатқан сияқты", - дейді ол.

Ол Назарбаевтың Нұрлан Нығматулинді мәжіліске спикер етіп жіберуі «парламенттік жұмысты күшейтудің қолға алынғанын көрсетсе керек» деп пайымдайды.

"Қазіргідей жер мәселелері талқыланып жатқан кезде мәжіліске халықтың сенімі азайып кетті. Себебі депутаттар бұл мәселеден қашқақтап өздерін көрсете алған жоқ. Бұған қоса Ақтөбедегі терактіге байланысты жағдай ушығып кетті. Мұндай жағдайда сәл парламенттің, әсіресе, төменгі палатаның жұмысын күшейту керек", - дейді ол.

Саясаттанушы Әміржан Қосанов соңғы кадрлық шешімдертуралы: "Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуал ушығып тұр. Үкімет дағдарыс алдында дәрменсіздік танытып отыр. Сондықтан президент әкімшілігі мен мәжіліс осынау кезеңде үкіметке қатысты жаңаша позиция ұстануы керек сияқты. Оған бұл екі басшының саяси жігері жете ме, оны уақыт көрсетер. Бұдан бөлек, елде қоғамдық-саяси жағдай да шиеленісіп жатыр. Бір жер мәселесінің өзі не тұрады. Мораторий жыл аяғына дейін ғана жарияланды. Одан кейін де өмір жалғасады емес пе?! Сол сын сағатта президент әкімшілігі мен депутаттар корпусы не істеп, не қояды, ол да осы екі басшыға байланысты болады", - дейді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың бағалауынша, Астана қаласы әкімінің қызметі Алматы қаласының әкімі сияқты жеткілікті дәрежеде салмағы бар «жылы орын». Оның айтуынша, бұрынғы қызметіне қарағанда Исекешев те президентпен тікелей кездесу мүмкіндігі көбірек болады. Себебі «Астана - президенттің сүйікті ойыншығы, ол оның дамуына көп мән беріп келеді».

"Ал Исекешев осы орынға лайықты ма? Бұл да сұрақ. Оның министр қызметінен әкім боп тағайындалуы төмендегенін білдіре ме? Мен бұлай атамас едім. Ал егер қызметтен жоғарылау болса, оның индустрия-инновация саласындағы құрдымға кеткен жобаларын ескергенде «Не үшін жоғарылады?» деген сұрақ туындайды. Бізде көптеген адамдарды олардың қабілеттері мен жеткен жетістіктеріне қарап тағайындамайды. Бұл тіпті белгілі бір жағдайларда оларды тағайындаған адамдарға да байланысты емес. Оларға көмектесетін «көкелерге» байланысты", - дейді ол.

Әсет Исекешев бұған дейін премьер-министрдің орынбасары, индустрия және сауда министрі, президенттің көмекшісі болған.

 

Сейсенбі күнгі кадрлық ауыс-түйіс Қазақстанда сәуірдің соңынан бері үкіметтің ауылшаруашылық жерін жалға беру және сатуға қатысты жоспарына қарсы әлеуметтік наразылық өршіп барып басылған кезбен тұспа-тұс келді. Елдің бірнеше қаласында митинг өткен соң жер кодексіне үкімет ұсынған өзгерістерге президент бір жылдық мораторий жариялаған.

Ал маусымның басында Ақтөбеде «радикалдық діни ағым жақтастары» деп сипатталған қарулы топппен полиция арасында болған қанды атыстан соң биліктің бұл саладағы саясатының тиімділігіне қатысты да сыни пікірлер жиі айтыла бастаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1168238-aqordadaghy-iri-kadrlyq-auys-tuyis-ale/