Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Опубликовано:

Осы аптада ел билігінің жоғары сатысында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Мұнан бөлек жергілікті жерлерде де тағайындаулар жүргізілді.

ҚазАқпарат апта ішінде орын алған тағайындауларға шолу жасайды.

Президент әкімшілігінің басшысы

Ең алдымен, президент әкімшілігінің басшысы қызметіне Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков келді. 1954 жылы Қостанай облысында дүниеге келген ол Бүкілодақтық кинематография мемлекеттік университетін бітірген.

Парламент сенатының депутаты, Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Астана қаласының әкімі, Индустрия және сауда министрі, президенті әкімшілігінің басшысы, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстаннның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қорғаныс министрі болды. Жаңа тағайындауға дейін елорда әкімі қызметін атқарды.

Мәжіліс депутаты

Ал президент әкімшілігінің басшысы болған Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин алдымен мәжіліс депутаты, іле-шала спикері болып сайланды. Нығматулин 1962 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген.

Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Саясаттану ғылымының докторы. Президент әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Көлік және коммуникация вице-министрі, президенті әкімшілігі басшысының орынбасары, Қарағанды облысының әкімі, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

2012-2014 жылдары парламент мәжілісінің төрағасы, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды. Осы уақытқа дейін президент әкімшілігінің басшысы болған еді.

Астана қаласы әкімі

Астана қаласы әкімі лауазымына Әсет Өрентайұлы Исекешев тағайындалды. Ол 1971 жылы Қарағанды қаласында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ды, президенттің жанындағы жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген.

Президенттің экономика мәселелері жөніндегі көмекшісі, Индустрия және сауда министрі, премьер-министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі, Индустрия және жаңа технологиялар министрі, премьер-министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі, Инвестициялар және даму министрі лауазымдарын атқарған.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Осы уақытқа дейін мәжіліс спикері болған Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланды.

Ізмұхамбетов 1948 жылы Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы), Теңіз ауданында туған. Уфа мұнай институтын бітірген. Техника ғылымдарының докторы.

Энергетика және минералдық ресурстар бірінші вице-министрі, министрі, Батыс Қазақстан облысының әкімі, парламенті мәжілісінің V шақырылымының депутаты, парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары, Атырау облысының әкімі қызметтерін атқарған.

Инвестициялар және даму министрі

Ал Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек Инвестициялар және даму министрі қызметіне кірісті. Ол 1975 жылғы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің темір жол көлігі мен порттар бөлімінің бастығы, Көлік және коммуникация министрлігінің Үйлестіру және тарифтік саясат департаментінің тарифтік саясат бөлімінің бастығы, Су көлігі департаментінің директоры, «Ақтау халықаралық теңіз порты» РМК директоры қызметтерін атқарды.

Көлік және коммуникация вице-министрі, жауапты хатшысы, министрі болып тағайындалды. 2014 жылдан осы тағайындауға дейін Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

Тағы оқыңыз:

Қарағандыдан кейін күйдіргі дерті Шығыс Қазақстан облысынан шықты

Елімізде шенеуніктерге тым қымбат киім киюге тыйым салынбақ

Ертіс ернеуінен асып, Өскеменді топан су басты

Қазақстан Орта Азиядағы ең бейбітсүйгіш ел болып танылды

Қарағанды облысында "Сібір жарасынан" көз жұмғандарды дәрігерлер бірнеше күн тентіреткен

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1171793-qazaqstandaghy-zhanha-kadrlyq-taghayynd-30/