Сегіз қырлы, бір сырлы шенеуніктер кімдер? (фото, видео)
Опубликовано:
Ел тұтқасында отырған бұл азаматтар іскерлік костюммен ресми жиындарда төбе көрсеткені болмаса, жалпақ жұртқа олардың өнерге деген қызығушылығы беймәлім. NUR.KZ порталы қазақстандық саясаткерлердің арасында ән-күйге жаны жақын азаматтарды іздестіріп көрді.
Нұрлан Ноғаев - Атырау облысының әкімі
Атырау облысының әкімі ұлттық аспап - домбыраның құлағында ойнайды. Таяуда өткен күйші-композитор Қаршыға Ахмедияровты еске алу кешінде күйшінің жұбайы Нұрбике Жұмағалиқызы Нұрлан Ноғаевқа Қаршыға Ахмедияровтың домбырасын сыйлаған болатын.
Әкім мырза әуеннің ырғағына сай би де билейді. Желіде тараған мына бір видео осының дәлелі.
Бейбіт Атамқұлов - Қорғаныс және әуеғарыш өнеркәсібі министрі
Таяуда ғана Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылып, жаңа құрылған министрлікке басшы болған Бейбіт Атамқұлов та қазақтың қара домбырасын ұстап өскен азамат екенін жұртқа көрсеткен.
Ахметжан Есімов - "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы
Алматыны жеті жыл басқарған шенеунік 2015 жылдың 9 тамызынан бастап "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалған еді. Ахметжан Есімов бір сұхбатында музыканы жақсы көретінін айтқан. Ол домбырадан басқа бірнеше аспапта ойнай алатын көрінеді.
Шенеуніктің ән айтатын өнері де бар.
Бердібек Сапарбаев - Ақтөбе облысының әкімі
Ақтөбе облысында биыл жазда ұйымдастырылған Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуовтердің шығармаларына арналған "Ән-ғұмыр" ретро фестивалі аясында әкім мырза жұрт алдында белгілі әнші Нұрлан Өнербаевпен бір сахнада «Құстар» әнін шырқап, халықтың ықыласына бөленді.
Алтай Көлгінов - Батыс Қазақстан облысының әкімі
Қазақстандағы ең жас облыс басшысы Алтай Көлгінов те алдыңғы буын ағаларынан еш кем емес екенін көрсетті. Ол соғыс ардагерлеріне композитор Секен Тұрысбековтың "Көңіл толқыны" күйін орындап берген. Бұл видео Tengrinews TV арнасында жарияланған.
Ғабидулла Әбдірахымов - Шымкент қаласының әкімі
Шырайлы Шымкенттің әкімі де жастармен бірге би билеп олардың көңілін бір көтеріп тастады. Әкімге билегені үшін қала жастары алғыстарын жаудырды. Олар әкім мырзаның талантына шек келтірмейді.
Бауыржан Байбек - Алматы қаласының әкімі
Алматы қаласының әкімі музыкалық мектептің түлегі. Фортепиано класын тәмамдаған Бауыржан Байбек әрі қарай білімін тереңдете түсу үшін Германиядағы Любек музыкалық жоғары мектебін оқып бітірді.
Қырымбек Көшербаев - Қызылорда облысының әкімі
Қырымбек Көшербаев мырзаның домбырада жақсы ойнайтыны баспасөзде жазылып жүр.
Өмірзақ Шөкеев - "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ң басқарма төрағасы
Шөкеев мырза саксофонда ойнап қана қоймай джаз әндерді шырқағанды ұнатады. Шенеуніктің айтуынша, музыка, джаз шабыттандырып, жұмыста тез шешім қабылдауына әсер етеді екен.
Қуандық Бишімбаев - Ұлттық экономика министрі
Экономика министрі Қуандық Бишімбаев әншілік қырынан танылды. Оның екі арудың алдында ән айтып тұрған видеосы желіде пайда болды. Бишімбаев орысша әнді жанды дауыста, фортепианомен айтып отырғанын байқауға болады. Видео Kazday порталының Youtube парақшасында жария етілген.
Сондай-ақ шенеуніктің саксафонда құйқылжыта ойнайтын өнері бар көрінеді.
Тағы да оқыңыздар:
Трамп пен Клинтонның бірге ән шырқағаны желіні жарды (видео)
Алматылық тұрғын үш жасар ұлымен бірге көлік апатынан қайтыс болды
Достасқан Путин мен Ердоған енді екі елдің арасында газ құбырын тартпақ
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1281297-elimizdinh-onerli-sheneunikteri-foto-v/